Жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованың және Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановтың баяндамалары тыңдалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл әлеуметтік кеселдің белең алуына қатысты ахуал елімізде де, халықаралық ауқымда да алаңдатарлық жағдайға жетті.
– Наркотизм – заманның дерті, қоғам үшін аса қауіпті. Ол жастардың болашағына балта шабады. Ұлт саулығына қатер төндіреді. Нашақорлық пен есірткі бизнесіндегі әлемдік үрдіс алаңдатарлық сипатқа ие болды. Көптеген елдің үкіметтері аталған проблеманы физикалық және психикалық тәуелділік қана емес, ауқымды қоғамдық, экономикалық және құқықтық құбылыс ретінде қарастыра бастады. Наркотизм термині мұндай тәсілдің мән-мағынасын ашады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сарапшылар мен ғалымдар наркотизм ұғымының нашақорлықтан әлдеқайда кең екенін, әлеуметтік, экономикалық және құқықтық проблемалармен, соның ішінде ұлттық қауіпсіздік мәселесімен ұштасып жатқанын айтады.
Президент есірткіге тәуелділер емдеу-сауықтыру шараларымен жеткілікті деңгейде қамтылмай отырғанына назар аударып, мәселені шешу қажет екенін мәлімдеді.
– Есірткіге тәуелді жандардың көпшілігі мен олардың жақындары жариялылықтан және жұртшылықтың талқылауынан қауіптеніп, проблемасын жасырады, – деді Мемлекет басшысы.
Бұл ретте мемлекеттік саясаттың нашақорларға кеңшілік танытып, ал есірткі саудасына келгенде қатаң және мүлде төзбеушілік ұстанымда болуға тиіс екені айтылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев аталған індетке қатысты статистикалық мәліметтерді жинау мен өңдеу бағытындағы ақпараттық-сараптамалық жұмысты жетілдіру, сондай-ақ химиялық заттардың таралуын қадағалау мәселелерін тағы бір маңызды міндет деп санайды.
Президент нашақорлықтың алдын алу шараларын күшейтуді, әсіресе, білім беру мен ақпарат саласында кеңінен жұмыс жүргізуді тапсырды
Мемлекет басшысының пікірінше, жастар арасында есірткінің насихатталуына жол беруге болмайды. Бұл ретте ол интернетте және медиа индустрияда тыйым салынған заттар мен ішімдік ішуді дәріптейтін жағымсыз үрдіс белең алғанына тоқталды.
Жиында есірткімен байланысты құқық бұзушылықты анықтау, жолын кесу мен жазалаудың тиімділігін арттыруға қатысты кешенді мәселелерге ерекше мән берілді.
– Кез келген есірткі түрінің өндірісі мен сатылымына қатаң тыйым салынып, мемлекеттің жіті бақылауында болуы керек, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы іс-қимылды, сондай-ақ есірткі сататын орындар мен зертханалардың иелерін әшкерелеу жұмыстарын күшейту қажеттігін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы күмәнді қаржы операцияларын бақылауға алудың маңызына тоқталды. Бұл түйткіл құқық қорғау органдарының назарынан тыс қалмауға тиіс.
Жиын соңында Президент наркотизмге қарсы күреске қоғам болып жұмылудың маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ Үкіметке, өңір әкімдеріне және жауапты мемлекеттік органдарға нашақорлықтан сақтандыру және есірткі бизнесіне қарсы күрес шараларын күшейту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.