Францияның оңтүстігінде орналасқан Од префектурасындағы орман өртіне екі тәулік бойы қарсы шаралар қолданылса да, жалын толық сөндірілмей отыр. Өрттің таралу аумағы 16 мың гектардан асып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазіргі мәлімет бойынша, кем дегенде 25 тұрғын үй жанып кеткен, 35 автокөлік жойылған, сондай-ақ өңірде электр қуаты өшкен. Билік өкілдерінің мәліметінше, бір адамның өмірін құтқару мүмкін болмаған.
«13 адам жарақат алды, оның ішінде екі бейбіт тұрғын мен он бір өрт сөндіруші бар. Екеуінің жағдайы өте ауыр. Қазіргі уақытта үш адамның хабар-ошарсыз кеткені туыстары тарапынан хабарланды», — делінген префектура хабарламасында.
Бірнеше шағын ауылдың тұрғындары эвакуацияланып, 13 уақытша орынға орналастырылды. Өртті сөндіру үшін 2 мыңға жуық өрт сөндіруші, әскери бөлімшелер және бірнеше өрт сөндіруші ұшақ жұмылдырылған.
Франция Ішкі істер министрі Брюно Ретайо бұл орман өртін 1949 жылдан бергі ең ірі апат деп сипаттады. Ал елдің Премьер-министрі Франсуа Байро оқиғаны "болмаған ауқымдағы апат" деп атады.