Пәкістан алғаш рет АҚШ-тан мұнай сатып алды

/
Пәкістан алғаш рет АҚШ-тан мұнай сатып алды
сурет: istockphoto.com

Пәкістан тарихында алғаш рет Америкадан мұнай импорттамақ. Елдегі ең ірі мұнай өңдеу зауыты Cnergyico компаниясы биыл қазанда АҚШ-тың West Texas Intermediate (WTI) маркалы 1 млн баррель мұнайын жеткізуді жоспарлап отыр. Бұл туралы Reuters агенттігіне компания басшысының орынбасары Усама Куреши мәлімдеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Бұл – Vitol компаниясымен ұзақмерзімді келісіміміз аясындағы сынақтық партия. Егер оның коммерциялық тиімділігі дәлелденсе, ай сайын бір партиядан импорттап отыруымыз мүмкін», – деді ол.

Мұнай келісімі АҚШ пен Пәкістан арасындағы сауда қарым-қатынастарындағы өзгерістерден кейін жүзеге асты. Reuters мәліметінше, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп Пәкістан экспортына жоғары кедендік баж салығын енгіземіз деп ескерткен. Бұл Исламабадты Вашингтонмен энергетикалық және сауда байланыстарын кеңейтуге итермелеген.

Мұнай – Пәкістанның ең ірі импорттық тауарларының бірі. 2024-2025 қаржы жылында (30 маусымда аяқталған) елдің мұнай импорты 11,3 млрд долларға жетіп, жалпы импорт көлемінің 20%-ын құраған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары