Абайдың 180 жылдығы: «AMANAT» партиясының белсендісі «Қара сөздер» аудио жинағын әзірледі

/
Абайдың 180 жылдығы: «AMANAT» партиясының белсендісі «Қара сөздер» аудио жинағын әзірледі
«AMANAT» партиясы

«AMANAT» партиясының белсендісі, белгілі журналист Елдос Төлеубаев ұлы ойшыл әрі ағартушы Абай Құнанбайұлының қара сөздері топтастырылған аудио жинақ жариялады. Ақынның 180 жылдығына арналған «Абай мұрасы – мәңгілік бағдар» жобасының тұсаукесері партияның Павлодар облыстық филиалында өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аудио жинақта Абайдың 45 сөзі толық қамтылып, музыкалық сүйемелдеумен заманауи форматта ұсынылды.

«Оқушы кезімде Абай шығармашылығына орай ұйымдастырылған байқауларға қатыстым. Әнші Нұрлан Өнербаев оқыған «Қара сөздерді» таспадан тыңдап, «Осындай дүние жарыққа шығарғым келеді» деп шештім. Арада 25 жыл өтті. Міне, ақыры арманым орындалды. Барлық 45 қара сөзді жазу оңай болған жоқ. Мен әр нұсқаны жіті тыңдап, ұнамаған тұсын қайта жазып отырдым. Аудио жинақты өз дауысыммен оқып, ақынның әр сөзін терең түсінуге ұмтылдым. «Қара сөздер» жылдар бойы жазылғаны және онда терең философия бары анық. Мен де ұлы тұлғаның әр сөзіне, әр жолына құрметпен және аса жоғары жауапкершілікпен қарауға тырыстым», – деді Елдос Төлеубаев.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы «Ұлттық мұра» жобасы аясында мәдени мұраны насихаттауға бағытталған бастамаларға жүйелі түрде қолдау көрсетеді.

«Цифрлық дәуірде мәңгілік мағынаға ие терең ойларды халыққа жеткізудің ұтымды жолдарын табу – өте маңызды. Абайдың қара сөздері тек философия емес, ұлттық кодымыз. Біз бұл тілде жастармен және жалпы қоғаммен сөйлесуіміз керек», – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедьярова.

Аудио жинақ Aiqara.kz сайтында және Halyq Radiosy эфирінде қол жетімді. Болашақта оны Ертіс өңірінің қоғамдық көліктерінде тарату жоспарлануда.

Айта кетейік, «Ұлттық мұра» партиялық жобасы ұлттық тарихи және рухани мұраны қорғау, ілгерілету бағытындағы кешенді іс-шараларды қамтиды.

Мәселен, 2019 жылдан бастап «AMANAT» партиясы жыл сайын еліміздегі қазіргі заман ақындары мен жазушыларының шығармаларын қолдауға бағытталған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауын өткізеді. 2022 жылғы қыркүйек айынан бері тұрақты түрде «Ұлы дала жорығы» бәйге-марафоны ұйымдастырылады. Сонымен қатар жыл сайын ел аумағында 100-ден астам айтыс өтіп, олар дәстүрлі республикалық «Алтын домбыра» айтысында түйінделеді. Сондай-ақ жыл сайынғы «Алтын тұғыр» ұлттық спорт сыйлығы тағайындалады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары