«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында соңғы екі жылда өңірде 83 өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Биыл Кеген, Шамалған және Нұра ауылдарында модульдік үлгідегі тағы үш жаңа өрт сөндіру депосы іске қосылады. Бұл нысандар шалғай ауылдардағы төтенше жағдайларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Осы аптада «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалы Кеген ауылындағы құрылыс алаңына барып, жұмыстың барысын тексерді. Құны 851,7 млн теңге болатын нысанның 80%-ы дайын. Аяқталуы 2025 жылдың тамызына жоспарланған. Құрылыс сапасы мен мерзімі партиялық бақылауда.
«Бұл нысан аудан үшін өте маңызды. Жаңа депо іске қосылғанда өртке жедел әрекет ету уақыты айтарлықтай қысқарады. Қазір басқа екі ауылда да құрылыс жүріп жатыр. Сондай-ақ Қонаевта 6 шығу жолы бар жаңа өрт депосын салу жобасы дайын, қазір сараптамада», – деді «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы Ерлан Жакупов.
Оның айтуынша, облыста төтенше жағдай кезінде халықты хабардар ету үшін бүгінде 145 сиреналық-дыбыстық құрылғы орнатылған. Биыл тағы 100 құрылғыны орнатып, төтенше жағдай болуы ықтимал барлық елді мекенді қамту жоспарланып отыр.
Айта кетейік, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында 2027 жылға дейін облыста 12 өрт сөндіру депосын салу, 13 депоға күрделі жөндеу жүргізу, 22 өрт сөндіру бекетін ашу және 438 хабарлау құрылғысын орнату жоспарланған.