Елордада 14-16 тамыз күндері таэквондодан (WT) Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі өтеді. Жарыс Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дүниежүзілік таэквондо федерациясының (World Taekwondo) ресми күнтізбесіне енген бұл турнир үш жас санатын қамтиды: жасөспірімдер, жастар және ересектер. Бүгінде 750-ден астам спортшы жарысқа қатысатынын растады.
Байрақты додаға Ауғанстан, Армения, Канада, Франция, Үндістан, Иран, Қазақстан, Кувейт, Қырғызстан, Оман, Люксембург, Марокко, Непал, Пәкістан, Палестина, Қытай, Сауд Арабиясы, Түркия, Тунис, Біріккен Араб Әмірліктері, АҚШ елдері және бейтарап мәртебедегі (AIN) спортшылар қатысады.
Көп жылдық үзілістен кейін Қазақстан тағы да әлемдік таэквондо қауымының назарын өзіне аударып отыр. Бұған дейін елімізде G-1 деңгейіндегі халықаралық жарыстар 2015 жылы (Алматы) және 2017 жылы (Атырау) өткен болатын. Биылғы жарыс Қазақстанның халықаралық жарыстар картасына оралғанының айқын дәлелі. Жарыстың мәртебесін Олимпиада чемпиондары мен әлемдік таеквондо жұлдыздарының қатысуы айшықтай түспек.
Турнир жаңартылған халықаралық ережелерге сай, KPNP K-2 жүйесі арқылы өткізіледі. Қазақстанда алғаш рет спортшылардың соққыларын дәл әрі әділ тіркеуге арналған KPNP компаниясы ұсынған жаңа электронды қолғаптар қолданылады. Сондай-ақ, аталған халықаралық дода аясында алғаш рет Дүниежүзілік таеквондо федерациясының көрсетілім тобы Қазақстанда өнер көрсетеді.
Аталған іс-шараға Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті доктор Чунгвон Чо, Азия таеквондо одағының президенті мен World Taekwondo кеңесінің мүшелері қатысады деп күтіліп отыр.
«Kazakhstan Open турнирін Астанада өткізу – халықаралық спорттық ынтымақтастықты нығайтуға және еліміздегі таеквондоны дамытуға бағытталған маңызды қадам. Елорда төрінде әлемнің үздік спортшылары бас қосып, жастарға шабыт береді, ал Қазақстан өз әлеуетін жаһанға таныта алады. Бұл жарыс еліміздегі таеквондо дамуының серпінді жалғасы боларына сенемін. Бізге сенім артқан серіктестер мен Дүниеүзілік федерацияға алғысымыз шексіз», – деді қазақстандық таеквондо федерациясының президенті Құдірет Шамиев.
Жарыстың жалпы жүлде қоры 15 808 000 теңгені құрайды.
Kazakhstan Open 2025 тек спорттық дода ғана емес, сонымен бірге Қазақстанның халықаралық жарыстарды ұйымдастырудағы әлеуетін танытатын маңызды платформа болмақ. Бұл турнир елімізде 2026 жылы өтетін Гран-при финалына дайындықтың бір бөлігі ретінде және 2027 жылғы әлем чемпионатын өткізуге ұсынылатын ресми өтінім алдындағы таныстыру іс-шарасы ретінде қарастырылады.