Қазақстанның бірінші, әлемнің 12-ракеткасы Елена Рыбакина Монреаль (Канада) WTA 1000 турнирінің үшінші айналымына шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жарысты екінші айналымнан бастаған қазақстандық теннисші дүниежүзілік рейтингіде 50-орында тұрған америкалық Хейли Баптистпен бетпе-бет келді.
Бұл қос теннисшінің өзара алғашқы кездесуі еді.
Рыбакина матчты көпке ұзатпады – 6:4, 6:2. Бір сағат 12 минутқа созылған бәсекеде ол 11 эйс жасап, 2 брейк-пойнттан шашау шығарған жоқ. Баптист 3 эйспен көзге түскенімен, 3 брейк-пойнтты пайдалана алмады.
Елена Рыбакина 1/8 финалға шығу үшін рейтингіде 52-сатыдағы румыниялық Жаклин Кристианмен таласады. Ол әлемнің 23-ракеткасы, чехиялық Линда Носкованы жеңіп кетті – 6:3, 6:4.
Монреаль додасы 7 тамызда мәресіне жетеді. Жеңімпаз 752 275 АҚШ долларына қоса 1 мың рейтингілік ұпайға ие болады.
Мұнда соңғы екі жылда америкалық Джессика Пегула үздік шыққан еді.