26-27 шілде күндері Ақтау маңындағы демалыс аймағында үш ер адам суға батып кетті. Қаза тапқандардың бәрінің денелері табылды, деп хабарлады turkystan.kz.
Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, алғашқы трагедия 26 шілдеде сағат 21:25-де болды. Ақтаудан 48 км қашықтықта, Каспий теңізі жағалауындағы O’Mir Glamping демалыс орны маңында екі адамның суға кеткені туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына жеткен құтқарушылар теңізде екі ер адамның батып кеткенін анықтады. Олар суға батып бара жатқан екі қызды құтқармақ болған. Абырой болғанда, қыздар өз бетімен жағалауға шығып, жағдайлары қанағаттанарлық. 1986 жылы туған ер адамның денесі жағалаудан 10 метр жерден табылып, құрлыққа шығарылды. 2001 жылы туған екінші марқұмның денесі сағат 00:05-те 1,5 метр тереңдіктен, жағалаудан 10–15 метр қашықтықтан табылды», — деді өңірлік ТЖД.
27 шілдеде сағат 01:25-де сол аумақта тағы бір қайғылы оқиға тіркелді. 2003 жылы туған ер адам суға батып кетті.
«Дереу іздестіру-құтқару жұмыстары басталды, алайда түнгі уақытта нәтиже бермеді. Таңертең жұмыстар қайта жалғастырылып, сағат 08:00-де аяқталды. Марқұмның денесі табылып, судан шығарылды», — делінген ведомство хабарламасында.