Үкімет: Мемлекет әлеуметтік міндеттерін толық орындап жатыр

/
Үкімет:  Мемлекет әлеуметтік  міндеттерін толық орындап жатыр
сурет: ҚР Үкіметі

Бейсенбіде Үкімет үйінде Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын жүзеге асыру туралы Үкіметтің баспасөз конференциясы өтті. Онда Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев баяндама жасады. Сондай-ақ бірқатар сала министрлігінің өкілдері журналистердің сұрақтарына жауап берді.

250 мың адам жұмысқа орналасты

Премьер-Министрдің орынбасары жасаған баяндамасында әлеуметтік саясат дегеніміз ол тек бюджеттің шы­ғын­дарының өсу көлемі емес, адами капиталға, халықтың денсаулығына, жастардың біліміне, қоғамның тұрақ­тылығына бағытталған инвестиция екенін айтты.
– Мемлекет басшысы Үкімет алдына өмір сапасын жақсарту, халықтың әл­жуаз топтарын қорғау және әлеуметтік инфрақұрылым құру туралы тапсырма берген болатын. Қазір мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттерін толық орындап жатыр. Бюджеттің  жартысынан көбі осы салаға жұмсалады. Соның ішінде бірнеше санатқа тоқтала кетсем, баласы бар отбасыларды қолдауға қатысты, жыл басынан бері 1,2 млн отбасының жәрдемақысы 6,5 пай­ызға өсті. Оған респуб­лика­лық бюджеттен 870 млрд тенге бөлінді. Ол 2024 жылмен салыс­тырғанда шама­мен 17 пайызға көп, – деді Ермек Көшербаев.
Вице-премьердің айтуынша, атаулы әлеуметтік көмек 245 мың адамға 16,2 млрд теңге көлемінде төленіп жатыр. Мемлекет басшысы мүмкіндігі шектеулі және қарт адамдарды қолдауға Үкімет­тің алдына ерекше назар аудару туралы міндет қойған болатын. Жыл басынан бері зейнетақы төлемдері 8,5 пайызға өсті. Зейнетақының орташа мөлшері 180 мың теңге болды. Бұл мақсатқа 4 трлн теңге жұмсалады.
– Жарты жылдың қорытындысы бой­ын­­ша 250 мың адам жұмысқа тұрды. Бұл бағытта цифрлық платформа жасал­ып жатыр. Негізгі мақсат – нақты көмек­ке мұқтаж отбасыларды қолдау. Бұл Мемле­кет басшысының тікелей тапсыр­масы, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.

500-ден астам медицина нысаны салынды

Ермек Көшербаев денсаулық сақ­таудың қолжетімділігі мен сапасын жақсарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айтты. 
Ол өңірлерде заманауи аурухана­лардың құрылысы және медициналық мекемелерді жөндеу жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын жеткізді. 
– Президенттің тапсырмасына сәйкес 500-ден астам нысанның құры­лы­сы аяқталды. Жыл соңына дейін тағы 140-тан астам ауыл амбулаториясы мен медицина пункті ашылатын бола­ды. Өңірлерге барғанда осы нысан­дардың құрылысы, сондай-ақ кадр мәселесімен танысқанымды айтқым келеді. Жалпы, ауыл тұрғындары атап өткендей, ұлттық жобаның нәтижесінде ауылдағы медициналық көмектің қолжетімділігі артып келеді, – деді Ермек Көшербаев.
Вице-премьер, сондай-ақ кейінгі кезде дәрігерлер мен медбикелерге зор­лық-зомбылық көрсету жиілеп кеткенін айтты. Қазір Мемлекет басшысының тап­сырмасы бойынша депутаттар кор­пуспен бірлесіп осындай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылықты қатаңдату бойынша заңнамаға енгізілетін түзету­лер пакеті әзірленіп жатыр. 

3,4 млн балаға жазғы демалыс ұйымдастырылды

Баспасөз конференциясында Ермек Көшербаев балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарына да тоқталып өтті.
– Балалардың жазғы демалысы мен сауықтыруы туралы айтып өтсек, биыл бұл бағытта 10 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь мен 220 қаладан тыс жазғы сауықтыру орталықтары қызмет көрсетіп жатыр. Нәтижесінде, 3,4 млн баланы қамтыдық. Өзім өңірлерге іс­сапарға шыққанда осы лагерьлерге арнайы соғып, балалардың демалу жағдайлары мен тамақтануының қауіпсіздігін тексеріп жүрмін. Биыл 5 сауықтыру орталықтары ашылды. Жылдың соңына дейін қосымша тағы 27 орталық іске қосылады. Бұның сапасын арттыру мақсатында келесі жыл­дан бастап бұл қызмет лицензия­ланады, – деді ол.

172 балабақша ашылды

Жыл басынан бері ел бойынша 13 мың балаға арналған 172 балабақша ашылды. Соның нәтижесінде балабақша кезегі қысқарып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 млн оқушы тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Оның ішінде 99 мың бала – әлеуметтік жағынан осал санаттағы отбасылардан шыққан балалар. Оларды қолдауға 18,4 млрд теңге бөлінді. Жаңа тамақтану стандарты енгізілді: көкөніс көбейді, қант азайды, зияны бар тағамдар алынып тасталды.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарла­масы аясында 7 млн балаға болашақта білім мен баспана алуға пайдалануға бола­тын қаражат есептелген.
Мектеп салу мен жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Кейінгі екі жылда 388 мың оқушыға арналған 274 жаңа мектеп ашылды. Соның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 115 мектеп жұмыс­ын бастады. Енді тағы 177 мектеп салынып жатыр.
– Президенттің тапсырмасына сәйкес 245 мектеп толық жөнделіп жатыр. Бұл жалпы білім беретін мектептерді жайлы мектеп стандарттарына жақындатуға мүмкіндік береді, – деді Ермек Көшербаев.

Мемлекет қолдауы 
шын мұқтаж отбасы­ларға берілуі керек

Жиында журналистер жәрдемақы 6 санатқа бөлуге байланысты сұрақ койды. Ең қатты мазалайтын сұрақ – «Жәрдемақы қысқарып кетпей ме?».
– Республикалық бюджеттен 41 әлеуметтік төлем жасалды. Бірақ жоба оған әсер етпейді. Одан бөлек жергілікті атқарушы органдарда мектепте тамақ­тандыру, жатақханадан бөлме беру сияқты 11 қосымша мемлекеттік қолдау көресеті­леді. Қазір біз осы көмектерді цифрлан­дырып жатырмыз. Ондағы мақсат – мем­лекет қолдауы шын мұқтаж отбасыларға берілуі керек. Мұнда 6 кластер белгіленген. Мәселен, аса қажет­тілік, жай қажеттілік, салыстырмалы тұрақ­тылық деп кете береді. Ең соңғы 6-кластер мұндай көмекке мұқтаж емес отбасылар санатын білдіреді, яғни, жағдайы жақсы деп айқындалады да, олар мемлекеттік қолдау алмайды. Сон­дықтан мұндағы өзгерістер тек мемле­кеттің қосымша қолдауына қатысты жасалып жатыр», – деп жауап берді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев.
Оны Премьер-Министрдің орынба­сары Ермек Көшербаев толықтырды. Ол мұндағы мақсат ең алдымен әлеуметтік әділдік орнату, екінші әлеуметтік алаяқ­тықты тоқтату екенін айтты.
– Өздеріңізге белгілі, бізде орталық болсын, жергілікті болсын цифрландыру аяғына дейін жеткізілмеген мемлекеттік органдар бар. Кімнің не істеп жатқанын базасы арқылы тексере алмаймыз. Көп нәрсені қағазбен алып келеді. Оны жоба бойынша тексергенде бірқатар мәселе анықталып жатады. Мысалы, бір отбасы жағдайы қиын деп саналып, жергілікті бюджеттен, орталық бюджеттен және сақтандыру қорынан да ақша алып отыр­ған. Ал оны қалай істеген? Әуелде оны біреу «үйі жоқ, машинасы жоқ, көп­балалы отбасы» деп жазып берген. Оны апарып ХҚКО арқылы тіркеген. Ал цифрландыру жүріп бірте-бірте деректер базасы бір-біріне қосылғанда олардың екі қабатты үйі бар, екі машинасы бар екені анық­талған. Көптеген тұрмыстық техника ал­ған несиелері болған. Міне, мұндағы мақ­сат осындай жағдайларға жол бермеу, цифрландыру және сол арқылы оңтай­ландыра отырып, алаяқтыққа жол бермеу», – деді ол.

5,5 мың жас үйлі болды

Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдарламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінген. Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев 5,5 мың жас жаңа үй алғанын атап өтті. 
– Сондай-ақ жастарды қолдау мақ­са­тында да кешенді шаралар жүзеге асыры­лып жатыр. Оның ішінде негізгі мәсе-
ле – жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету. «Наурыз» және «Отау» тұрғын үй бағдар­ламаларына бюджеттен 220 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 5,5 мың жас жаңа үй алды, – деді Ермек Көшербаев. 
Сонымен қатар Премьер-Министрдің орынбасары биыл жұмысшы жастарды демеу үшін «Наурыз жұмыскер» банк өнімі іске қосылғанын жеткізді. Облыстарда жас мамандарға арналған өңірлік ипоте­ка­лық бағдарламалар жастарға үлкен мүмкіндік беруде. Үкімет бұл жұмыстарды әрі қарай жүйелі түрде жалғастыра береді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары