Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңі аясындағы матчта «Астана» молдованың «Зимбру» клубымен кездесіп, тең нәтижеге қол жеткізді, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.
Кездесу «Астана Арена» стадионында өтті. Ойынды Беларусь елінің төрешілер бригадасы басқарды. Көпшілік кездесуде айқын фаворит ретінде қазақстандық клубты атаған болатын.
Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ алаң иелері белсенділік танытып, бірнеше сәт туғызғанымен, оларды тиімді пайдалана алмады. Ал қонақтар бірінші таймның қосымша минутында есеп ашты. Гай Дахан алыстан дәл соққы жасап, допты қақпаның тоғыздығына бағыттады. Екінші тайм басталысымен-ақ «Астана» шабуылға көшіп, Иван Башич таразы басын теңестірді. Ойын соңына дейін гол соғуға мүмкіндік болғанымен, есеп өзгермей қалды — 1:1.