Шымкентте 7 баласы бар әке әйелін суицидке жеткізгені үшін сотталды

/
Шымкентте 7 баласы бар әке әйелін суицидке жеткізгені үшін сотталды
istockphoto.com

Шымкент соты 51 жастағы Мұхитжан Сейдуәлиевтің ата-аналық құқығын шектеп, оны кәмелет жасына толмаған балаларына алимент төлеуге міндеттеді. Ол жұбайын суицидке жеткізгені үшін 1 жыл 6 айға сотталды, - деп хабарлайды turkystan.kz тілшісі.

Марқұм әйел мен сотталған азаматтың ортақ 7 баласы болған. Олардың бесеуі – кәмелетке толмаған. Марқұмның үлкен қызы кіші бауырларын қамқорлығына алу үшін тиісті органдарға құжат тапсырған. Қазіргі уақытта балалардың қайда болатыны белгісіз.

Қалалық соттың мәліметінше, қаладағы Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен Денсаулық сақтау басқармасына қарасты мамандандырылған «Бөбектер үйі» сотқа Сейдуәлиевтің  кәмелетке толмаған бес баласына қатысты ата-аналық құқығын шектеу және одан алимент өндіру туралы талап-арыз берген. Балалардың үлкені – 16 жаста, кішісі – 3 жаста.

«Балалардың анасы қайтыс болған, әкесі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қазіргі уақытта, Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2025 жылғы 25 маусымдағы үкіміне сәйкес, жауапкер Қылмыстық кодекстің 105-бабы 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды», - деді сот.

Сот Мұхитжан Сейдуәлиевтің бес балаға қатысты ата-аналық құқығын шектеді. Сондай-ақ, сот шешімімен одан балалар кәмелетке толғанға дейін алимент өндіріледі.

Еске сала кетейік, биыл 5 ақпанда Шымкент қаласындағы «Күншығыс» шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінің ауласынан әйелдің денесі табылған. Оның үшінші қабаттағы ас үйдің терезесінен секіріп кеткені анықталды. Көп ұзамай оны суицидке жеткізді деген күдікпен бұрынғы күйеуі ұсталған.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары