Алматы облысында ит талап, сан еті мен құлағын жұлып алған 10 жастағы Максимнің отбасы баспаналы болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы Мира Бейсен есімді желі қолданушысы мәлім етті.
«Хамеевтің иті талап, өлтіріп қоя жаздаған 10 жастағы Максим естеріңізде ме? Головачев отбасына ауданы 80 шаршы метрлік төрт бөлмелі үй берілді. Баланы құтқарып қалған Серікбек Сақайбеков марапатталды. Баланың жағдайы жақсарып келе жатыр. Жақында ауруханадан шығарады. Енді ұзақ уақыт реабилитациядан өту керек. Бірақ халқым оны қиын жағдайда қалдырмайды деп ойлаймын. Бұл халқымның жүрегінің кеңдігінің көрінісі», – деп жазды Мира Бейсен.
Желі қолданушысының айтуынша, қор оқырмандарынан ақша жинап, көпбалалы отбасыға үй алып берген.
«Көпбалалы отбасы, пәтерді жалдап тұрады. Үлкен ұлының мүгедектігі бар. Анасы жұмыс істемейді, кішкентай баламен үйде отырады. Үйді бір қор оқырмандарының ақшасына алып берді», – делінген жазбада.