Солтүстік Қазақстан облысында кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын 36 пайдаланылмай жатқан жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2025 жылдың басынан бері қадағалаушы орган мақсатына сай пайдаланылмаған жалпы ауданы 146 мың гектардан асатын 75 жер учаскесін анықтаған.
«Ақжар, Есіл, Ғабит Мүсірепов, Тимирязев және Уәлиханов аудандарында жер пайдаланушылар Жер кодексінің талаптарын бұза отырып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 45 жер учаскесін ұзақ уақыт бойы мақсатқа сай пайдаланбаған», – делінген прокуратура хабарламасында.
Петропавл қаласында кәсіпкерлік субъектісі Жер кодексінің талаптарына қарамастан, үш жыл бойы коммерциялық мақсатта бөлінген 123 гектар жер учаскесін пайдаланбаған.
«Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде жалпы ауданы 33,2 мың гектар, кадастрлық құны 29,8 млрд теңге болатын 36 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды», – деп мәлімдеді прокурорлар.
Прокуратура өкілдері жергілікті атқарушы органдар қайтарылған жерлерді адал ниетті жер пайдаланушыларға беру бойынша жұмыстар жүргізіп жатқанын атап өтті.