Жазғы туристік маусымның басталуына байланысты Алакөл жағалауында полиция қызметкерлері күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр.
Басты басымдық — қоғамдық тәртіпті сақтау, санитарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және өңірге келген демалушыларға жайлы жағдай жасау. Санитариялық-эпидемиологиялық қызметпен бірлесіп тұрақты түрде рейдтік іс-шаралар өткізіліп жатыр. Бұл ретте санитарлық нормаларды бұзу, рұқсатсыз саудамен айналысу, сондай-ақ жағалау аумағындағы тазалық пен тыныштықты бұзатын құқыққа қарсы әрекеттерді анықтауға ерекше назар аударылуда.
Маусым басталғалы бері полиция қызметкерлері 300-ге жуық әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады. Оның ішінде ең көп тіркелгені — ортақ пайдаланудағы орындарды ластау бойынша 141 жағдай. Сонымен қатар мал жаюға тыйым салынған аумақтарда — 74 жағдай, абаттандыру қағидаларын бұзу — 15, рұқсат етілмеген жерде сауда жасаудың 22 дерегі анықталды. Сондай-ақ көлік құралын мас күйде басқарудың 13 жағдайы, құжатсыз басқарудың 7 дерегі және жаяу жүргіншілер тарапынан 8 құқық бұзушылық тіркелді. Тәртіп сақшылары профилактикалық жұмысты тұрақты түрде жүргізіп жатыр. Демалушыларға қоршаған ортаға ұқыпты қарау, санитарлық талаптарды сақтау және қоғамдық орындарда мәдениетті мінез-құлық көрсету қажеттілігі ескертілуде.