Германияда өтетін жазғы Универсиадада ел намысын 76 спортшы қорғайды

/
Германияда өтетін жазғы Универсиадада ел намысын 76 спортшы қорғайды
gov.kz

16-27 шілде аралығында Германияның Рейн-Рур аймағында өтетін ХХХІІ Дүниежүзілік жазғы Универсиадада ел намысын 12 спорт түрінен 76 спортшы қорғайды. Бұған қосымша ұлттық құраманың сапында 18 жаттықтырушы мен 6 ресми өкіл бар, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жазғы Универсиада Дуйсбург, Бохум, Эссен, Хаген, Мюльхайм қалалары мен Германия астанасы Берлинде өтеді. Бұл – Халықаралық университеттік спорт федерациясының (FISU) бастамасымен ұйымдастырылатын ірі халықаралық жарыс.

Байрақты бәсекеде 8 500-ден аса спортшы спорттың 18 түрінен 234 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Олардың ішінде жеңіл атлетика, жүзу, ескек есу, қылыштасу, гимнастика, жебе ату, таэквондо және өзге де спорт түрлері бар.

Қазақстан студенттік Универсиадаға 1993 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді. Осы уақыт ішінде отандық спортшылар бірнеше мәрте жүлдегерлер қатарынан көрініп, жоғары нәтиже көрсетіп жүр.

Айта кетейік, 2023 жылы Қытайдың Чэнду қаласында өткен ХХХІ жазғы Универсиада да Қазақстан құрамасы 2 алтын, 7 күміс, 11 қола медаль жеңіп алды.

Ең жоғары нәтиже 2013 жылы Қазан қаласында өткен Универсиадада тіркелді. Мұнда спортшылар 30 медаль еншілеген болатын.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары