"Алған тауарын ашпайды да": 66 жастағы әже онлайн саудаға тәуелді болып, екі үйді затқа толтырып тастаған

/
"Алған тауарын ашпайды да": 66 жастағы әже онлайн саудаға тәуелді болып, екі үйді затқа толтырып тастаған
сурет: Douyin

66 жастағы Ван есімді Қытай азаматы онлайн-дүкендерге ¥2 млн (шамамен 280 000 АҚШ доллары) жұмсап, сатып алған тауарларын қою үшін екі пәтер мен жерасты гаражын пайдалануға мәжбүр болды. Бір қызығы – әйелдің бұл заттарды ашып көруге де зауқы жоқ: бастысы – сатып алса, болды.

Ван Шанхайдағы Цзядинь ауданының шетінде тұрады және жалғыз өмір сүреді. Соңғы бірнеше жыл ішінде ол негізінен БАД, косметика, сусабын мен алтын әшекейлер сатып алған. Көбі – тікелей эфирлер арқылы ұсынылған тауарлар. Қораптар бөлменің төбесіне дейін жиналған, ал әйел ұйықтайтын жер таппай, соңында екінші пәтер жалдауға мәжбүр болған.

Ақшамды осылай жұмсаймын, сонда туыстарым қарызға ақша сұрамайды. Үйге келіп, айналаны көрсе – ақша сұрауға ыңғайсызданады, – дейді Ван.

Тұрғындар бұл жағдайға наразылық білдіруде: көршілері жағымсыз иіс пен жәндіктерге шағымданған. 2024 жылдың мамырында жергілікті комитет Ванның рұқсатымен үйді тазалап берген, бірақ көп ұзамай баяғы қалпына түскен.

Психиатрлар мұндай шопингке тәуелділік көбінесе депрессия мен әлеуметтік оқшауланудың салдары екенін айтады. Шанхайлық дәрігер Ши Янфэн бұл жағдайды «зат жинау синдромы» деп атап, оны емдеу ұзақ мерзімді және жүйелі терапияны қажет ететінін жеткізді.

Онлайн қолданушылардың бірі: «Мәселе – жалғыздықта. Жастар өз ата-анасына көбірек көңіл бөлуі керек», – деп пікір қалдырған.

Қазіргі таңда Ванның шетелде тұратын қызы мен сирек келетін туыстары оның бұл әрекетін тоқтатуға еш шара қолдана алмай отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары