Ұлыбританияның кейбір мектептерінде 1 қыркүйектен бастап қыздарға белдемше киюге тыйым салынады, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл шешім елдің Білім министрлігінің жаңа ұсынымдарына сүйене отырып қабылданған. Ұсынымда мектеп формасы отбасылар үшін қолжетімді болуы керек, ал белдемшеден бас тарту қаржылық ауыртпалықты азайтуға көмектесетіні және жыныстар теңдігін қамтамасыз ететіні айтылған. Бұл жайында Daily Express басылымы жазған.
Мысалы, Солтүстік-Шығыс Англияда орналасқан Northern Education Trust ұйымына қарасты барлық мектептер қыздарға белдемше киюге тыйым салу туралы шешім қабылдаған.
Алайда ата-аналардың басым бөлігі бұл шараға наразы. Олар заң бойынша белдемше киюге ешқандай тыйым жоқ, тек ұсыным ғана берілген деп отыр.
«Көптеген қыздар жыныстық болмысын білдіру үшін белдемше киюді қалайды. Бұл — әйелдерді кемсітудің ашық көрінісі, — дейді аналардың бірі.
Білім министрлігі ата-аналардың наразылығына жауап беріп, мектептер брендтелген киімдердің санын шектеуге құқылы, бұл өз кезегінде ата-аналарға түсетін шығынды азайтады деді. Сонымен қатар, мектептер ұсынысты қабылдай ма, жоқ па — өздері шешеді.
Дегенмен енді ата-аналар қыз балалар үшін арнайы тапсырыспен бірнеше шалбар тігуге мәжбүр болады. Министрлік бұл шектеу жыныстар теңдігін арттыруға көмектеседі деп есептейді.
«Барлық оқушыға шалбар киюге көшу теңдік орнатуға әсер етеді, бұл балаларға өзін жайлы сезінуге мүмкіндік береді», — деп толықтырды министрлік.