9 шілде күні Атырау – Астана бағытындағы түнгі рейс кезінде күтпеген жағдай болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Ұшу барысында жасы үлкен жолаушы өзін кенеттен жайсыз сезініп, есінен танып қалды. Экипаж дереу әрекет етіп, жолаушылар арасында медицина қызметкері бар-жоғын сұрастырды.
Осы сәтте ұшақ бортында болған Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қайсар Қайратұлы Абдалиев пен Алматы қаласындағы “Arsamed” клиникасының дәрігері Зағира Анық бірлесе шұғыл медициналық көмек көрсетті.
Олардың кәсіби дайындығы мен үйлесімді әрекетінің арқасында жолаушының жағдайы қысқа мерзім ішінде тұрақтандырылып, ұшақ қонғанға дейін бақылауда болды. Қазіргі уақытта науқастың жағдайы тұрақты, қажет болған жағдайда қосымша медициналық тексеруден өтеді.