"Қанша отбасы із-түссіз кетті": Техастағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 43 адамға жетті (ФОТО)

/
"Қанша отбасы із-түссіз кетті": Техастағы алапат тасқыннан қаза тапқандар саны 43 адамға жетті (ФОТО)
www.reuters.com

АҚШ-тың Техас штатында болған жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 43 адамға жетті, оның ішінде 15 бала бар. Жергілікті билік өкілдерінің мәлімдеуінше, тағы да ондаған адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға орталық Техастағы Гуадалупе өзенінің маңында болды. Бірнеше сағат ішінде 38 см-ге дейін жауған жауын салдарынан өзен 9 метрге көтеріліп, алапат апат салдарына ұласқан. 

Керр округінде ғана 27 адам із-түзсіз жоғалды. Олардың ішінде "Camp Mystic" жазғы христиан лагері орналасқан, онда апат кезінде 700-ге жуық адам болған. Қазіргі мәлімет бойынша, 27 адам табылмай жатыр.

Жалпы есепте 850 адам құтқарылған, кейбірі ағаштарға жабысып жан сақтаған. Соның ішінде 17 адамның аты-жөні әлі нақтыланбаған. Құтқару жұмыстары тікұшақтар мен жүздеген еріктілердің көмегімен жалғасып жатыр.

Апаттан ең көп зардап шеккен өңірлер Керр, Трэвис және Кендалл округтері. Трэвис округінде 4 адам көз жұмған, тағы 13 адам хабарсыз кеткен. Кендалл округінде де бір адам қайтыс болғаны белгілі болды.

Техас вице-губернаторы Дэн Патриктың айтуынша, су тасқыны басталғанда өңірде Тәуелсіздік күніне арналған мерекелік шараларға көптеген турист келген. Адамдар шатырларда, трейлерлерде және жалға алынған үйлерде түнеп жатқан.

Керрвилл қаласының менеджері Далтон Райс:

“Біз нақты қанша адам жоғалғанын айта алмаймыз. Тек белгілі бір тізім бар, бірақ жағдай өте күрделі,” – деді.

Табиғи апат кезінде Heart O’ The Hills атты тағы бір лагерьдің иесі Джейн Рэгсдэйл де қаза тапқан.

Тасқынның күшті болғаны соншалық – биіктігі 60 футтан асатын ағаштар тамырымен жұлынып кеткен. Жергілікті тұрғындардың сөзінше, мұндай жағдай бұрын-соңды болмаған.

“Бұл сұмдық. Қанша бала мен адам із-түссіз кетті. Бұл апаттан аман қалу өте қиын еді,” – дейді куәгер Тониа Фуччи.

Президент Дональд Трамп зардап шеккендерге көңіл айтып, федералды көмек көрсету үшін төтенше жағдай жариялауға дайын екенін жеткізді.

Ал, мамандар бұл апаттың алдын алуға болар ма еді деген сұраққа “Ұлттық метеоқызметте қысқартулар болған, соның салдарынан ескерту дер кезінде берілмеген болуы мүмкін” деген пікір айтты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары