Тележурналист Руслан Өтепбай Алматы облысында баланы қабаған иттердің талауынан құтқарған азамат пен азаматшаны халыққа таныстырды, деп хабарлады turkystan.kz.
10 жастағы баланы қабаған иттерден құтқарып қалған Серікбай есімді азамат сол күнгі оқиғаны журналиске баяндап берген. Оның жанында дәрігерлер мен баланың ата-анасын шақырған Гуля есімді келіншек те болған.
«Ағамыз ауыл арасында такси жүргізеді екен. Сол күні жолаушы алып, стадион жақтан өтіп бара жатқанда, бір топ бала қолын бұлғап көмек сұрап, жолға жүгіріп шыққан. Серікбай аға да, қасындағы жолаушысы Гуля ханым да ойланбастан көліктен атып шығып, көмекке ұмтылған. Сол сәтте үш төбет Максимді талап жатса керек. Серікбай аға ештеңеге қарамастан, ашулы иттермен арпалысып жүріп, баланы ажалдан арашалап алған. Гуля ханым сол мезетте жедел жәрдемге және баланың анасына қоңырау шалып, жағдайды хабарлаған. Егер бұл азаматтар санаулы минутқа кешіксе, үш ит бейкүнә баланы өлімші етіп талап тастауы әбден мүмкін еді», - деп жазды Руслан Өтепбай әлеуметтік желіде.
Белгілі болғандай Серікбай есімді азаматтың өзі онкологиялық дертпен күресіп келеді.
«Соған қарамай, басын қатерге тігіп, бір жанның өмірін құтқарып қалды. Ал әкімдік Серікбай ағаның ерлігін ескеріп, бір жапырақ алғыс хат та бермеген. Осындай жүрек жұтқан адамдардың ерлігі көпке үлгі болғай!», - деді автор.