Министрлік асфальт-бетон зауыттарының жұмысын (АБЗ) тексеріп, бақылауды күшейтті. Инспекциялық жұмыстарды автомобиль көлігі комитетіне қарасты жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жүзеге асырып жатыр.
Бүгінгі таңда еліміздегі 431 зауыттың 382-сі, яғни 89% тексеруден өтті. Астана, Шымкент қалалары мен Алматы, Жетісу, Қостанай, Павлодар, Ақтөбе облыстарындағы барлық жұмыс істеп тұрған АБЗ толық қамтылды.
Тексеру барысында асфальт-бетон зауыттары және зауыт зертханаларының қолданыстағы нормативтік құжаттардың талаптарына сәйкестігі жан-жақты зерделенді. Әсіресе, сапа қызметіне жауапты мамандардың болуы, жол құрылысы материалдарын сақтау және тасымалдау ережелерін сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, сапаны бақылау бойынша технологиялық регламенттердің бар-жоғы бағаланды.
Инспекция қорытындысы бойынша бірқатар АБЗ-ға қызметін жетілдіру және жаңғырту жөнінде нақты ұсыныстар берілді. Бұл алдағы уақытта зауыттардың қажетті сапа деңгейіне шығуына мүмкіндік береді.
Алдағы уақытта қалған зауыттар да дәл осындай тексеріс жұмыстарымен қамтылады.