Ресейде Су-34 ұшағы апатқа ұшырады

/
Ресейде Су-34 ұшағы апатқа ұшырады

Ресейдің Нижегород облысында оқу-жаттығу ұшуын орындап жатқан Су-34 алдыңғы шептегі бомбалаушы ұшағы апатқа ұшырады. Бұл туралы turkystan.kz Ресей Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.

Оқиға Мәскеу уақытымен сағат 13:00 шамасында болған. Ұшқыштардың кәсіби әрекеттерінің арқасында адам шығынына жол берілмеген.

Ресей Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, апаттың себебі — шассидің бірі ашылмай қалған.

«Қону кезінде шассидің бір тұғыры ашылмай қалды. Экипаж ақауды әуеде түзетуге бірнеше рет талпынғанымен, нәтиже болмады», – делінген ресми ақпаратта.

Ұшу жетекшісінің нұсқауын басшылыққа алған ұшқыштар жалғыз дұрыс шешімді қабылдап, ұшақты елді мекендерден алыс, қауіпсіз аймаққа бағыттап, катапульт арқылы құтқарылды. Бұл шешім ықтимал үлкен апаттың алдын алуға мүмкіндік берді.

Апат орнына дереу іздестіру-құтқару тобы жіберіліп, экипаж мүшелері базалық аэродромға эвакуацияланды.

«Оқиға орнынан түскен мәліметке сәйкес, екі ұшқыш та аман. Ұшақ қару-жарақсыз ұшқан. Ол елсіз аймаққа құлаған. Жерде зақым жоқ», – деп хабарлады министрлік.

Қазір оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Ресейдің Әуе-ғарыш күштерінің арнайы комиссиясы жол тартты. Олар апатты мұқият зерттеп, тиісті тексеру жүргізетін болады.

Айта кетейік, Су-34 — Ресейдің заманауи көп мақсатты истребитель-бомбалаушы ұшағы. Ол 2014 жылы қарулануға қабылданған. Су-34 кез келген ауа райында және тәуліктің кез келген уақытында қарсылас нысандарына жоғары дәлдікпен соққы жасауға арналған. Ұшақ 2 200 км/сағ жылдамдыққа дейін ұша алады және ұшу қашықтығы 7 000 шақырымға дейін жетеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары