Бас прокуратурада есірткі бизнесінің жаһандық сын-қатерлерін талқылады

Бас прокуратурада есірткі бизнесінің жаһандық сын-қатерлерін талқылады
Бас прокуратура баспасөз қызметі

Бас прокуратурада «Заң мен Тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Халықаралық есірткіге қарсы күрес күніне орайластырылған Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы өткізілді.

Кеңес алаңында есірткінің заңсыз айналымына байланысты қазіргі заманғы сын-қатерлер қаралып, оларды ұлттық және халықаралық деңгейде бейтараптандыру бойынша бірлескен шаралар әзірленді.

Отырысқа Президент Әкімшілігінің, Үкіметтің өкілдері, Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық серіктестер, соның ішінде БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы, ЕҚЫҰ, ОАӨАҮО (Есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына қарсы күрес жөніндегі Орталық Азия өңірлік ақпараттық үйлестіру орталығы), CADAP, шет елдердің дипломатиялық миссиялары (Қазақстандағы АҚШ, Германия, Қытай, Сауд Аравия Корольдігі, Түркия мемлекеттерінің елшіліктері), сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Бас Прокурор Берік Асылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елімізде есірткі бизнесін ұйымдастырушылардың қылмыстық жауапкершілігін қатаңдатуға, есірткі арналарын анықтау және жолын кесу тетіктерін цифрландыруға, қаржы ағындарын жабуға және халықаралық өзара іс-қимылды кеңейтуге негізделген есірткіге қарсы жүйелі саясат іске асырылып жатқанын атап өтті.

Есірткіні бақылау жөніндегі БҰҰ-ның барлық үш негізгі конвенциясын ратификациялаған Қазақстан БҰҰ-ның есірткі жөніндегі комиссиясының құрамына сайланған және 2029 жылға дейін Азия-Тынық мұхиты өңірінің атынан өкілдік етеді, бұл біздің елімізге елеулі жауапкершілікті жүктейді.

Соңғы бес жылда заңсыз айналымнан алынған синтетикалық есірткінің көлемі 100 есеге - 13 кг-нан 1,5 тоннаға дейін ұлғайған.

Тек ағымдағы жылдың басынан бастап 9 ұйымдасқан қылмыстық топ, оның ішінде 3 трансұлттық топ жойылған. Есірткі жеткізудің 111 арнасы жабылған, оның 19-ы халықаралық.

Құқық қорғау органдары барлығы 10 млрд теңгеден астам сомаға есірткі табысын бұғаттаған. 

«Follow the money» қағидаты бойынша криптовалюталарды пайдалана отырып, жасалған қылмыстық схемалардың жолы кесілген, 2,4 млрд теңгеден астам сомаға 50 мыңнан астам дроп-шоттар бұғатталған.

Резонанстық тергеулердің нақты мысалдары жария етілді.

Маңғыстау облысында қылмыстық топ жойылған, олардың 2,3 млрд теңге сомасына қолма-қол ақшалары мен цифрлық активтері тәркіленген.

Ұлытау облысында шетел азаматтары ұйымдастырған «Kaef-mafia» ірі есірткі алаңы анықталып, жойылған. 6 миллион АҚШ доллары көлеміндегі криптовалюта бұғатталып, үш адам ұсталған, төртеуіне іздеу жарияланған.

Халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне ерекше назар аударылған.

Шымкент қаласында арнайы прокурорлар алғаш рет АҚШ Әділет министрлігінің есірткіге қарсы күрес басқармасымен (DEA) бірлесіп,«Карбон» есірткі маркетіне қатысты іс бойынша мемлекетаралық жедел-тергеу тобын құрған. Криптовалюта транзакциясын қоса алғанда, шетелдік шоттар анықталған.

Нәтижесінде халықаралық қылмыстық схема ашылып, 70 млрд теңгеге 500 мың заңсыз транзакция анықталған, 500 млн теңге мүлікке тыйым тәркіленді. 24 қылмыскер ұсталып, 18-і қамауға алынды.

Б. Асылов атап өткендей, цифрлық есірткі желісі Қазақстан үшін жаңа шындыққа айналған. Есірткі қылмыстарының барлығы дерлік интернет кеңістігінде жасалады және көбінесе шетелден ұйымдастырылады.

Есірткі бизнесінің жаһандануы мемлекеттік органдардың, халықаралық серіктестердің және азаматтық қоғамның жаңа тәсілдері мен күш-жігерін шоғырландыруды талап етеді.

Заңнамалық реформа басталған.

Сондай-ақ, есірткі өндіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айыруға дейін жаза күшейтілгені айтылды. Бір мезгілде есірткі тізбегінің ең төменгі буынына жататын «есірткі жасырып кетушілер» үшін жазалау шаралары жеңілдетілген.

Бұл өзгерістер 3 800-ден астам сотталушыға әсер еткен: 328-і босатылып, 2 600-ден астамына жазалау мерзімі қысқартылған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары