Аутоиммунды аурулары бар адамдар депрессия мен мазасыздыққа жиі ұшырайды – зерттеу

/
Аутоиммунды аурулары бар адамдар депрессия мен мазасыздыққа жиі ұшырайды – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Аутоиммунды аурумен ауыратын адамдар психикалық денсаулық мәселелеріне екі есе жиі тап болады. Ұлыбританияда жүргізілген және BMJ Mental Health журналында жарияланған жаңа ауқымды зерттеу осындай қорытындыға келді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеуге 1,5 миллионға жуық адам қатысқан, оның ішінде 38 мыңға жуығы ревматоидты артрит, ішек қабынуы, псориаз сияқты диагноздар қойғанын хабарлаған.

Аутоиммунды науқастардың 29%-ы өмірінде кемінде бір рет депрессия, мазасыздық немесе биполярлы бұзылыс секілді психикалық аурулармен ауырғанын айтқан. Бұл көрсеткіш жалпы халық арасында 18% ғана.

Зерттеу мынадай мәліметтерді келтіреді:

  • Аутоиммунды науқастардың 26%-ы депрессиямен,
  • 21%-ы мазасыздықпен,
  • 1%-ы биполярлық бұзылыспен ауырған.

Сондай-ақ, бұл адамдардың ата-аналары арасында да психикалық ауытқуларға диагноз қойылғандар көбірек кездеседі. Әйелдер арасындағы көрсеткіш ерлерге қарағанда едәуір жоғары: 32% пен 21% аралығында.

Ғалымдар бұл жыныстар арасындағы айырмашылықты жыныстық гормондар, хромосомалық ерекшеліктер мен қан құрамындағы антиденелердің әсері арқылы түсіндіреді.

Зерттеудің жетекші авторы, Эдинбург университетінің психиатрия бөлімінің басшысы доктор Дэниэл Смит былай деді:

«Психикалық ауруларды тек бас миының бұзылысы деп қарастыру жеткіліксіз. Бұл – бүкіл денеге әсер ететін, физикалық сырқаттармен тығыз байланысты аурулар».

Зерттеудің кейбір шектеулері бар: қатысушылардың 57%-ы әйелдер болған, ал жалпы үлестің 90%-ы – ақ нәсілділер. Сондай-ақ, аутоиммунды аурулар психикалық бұзылыстарға тікелей себеп болды ма, әлде екеуі қатар кездесті ме, бұл жағы нақты емес.

Дегенмен, бұл нәтижелер созылмалы қабыну процестерінің психикалық денсаулыққа кері әсер етуі мүмкін екенін көрсетеді. Бұған дейінгі зерттеулер де осы тұжырымды растайды.

Ғалымдар дәрігерлерге аутоиммунды дертпен ауыратын науқастар, әсіресе әйелдер арасында, психикалық денсаулықты тұрақты түрде тексеруді ұсынып отыр. Ерте кезеңде анықталған бұзылыстарды емдеу оңайырақ болмақ.

«Бұл ауруларды толық түсіну үшін адам ағзасына тұтастай қарауымыз керек», – дейді Смит.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары