Ақтауда бірнеше жеңіл көліктің жолаушылары көлік төбесіндегі люктерден бастарын шығарып, жоғары жылдамдықпен келе жатып Қазақстан мен АҚШ туларын бұлғаған. Бұл көріністі қала полицейлері әлеуметтік желілерді бақылау кезінде байқаған, деп хабарлады turkystan.kz.
"Әлеуметтік желілерді бақылау барысында мемлекеттік нөмірлері 960AHV12, 9696B1, 283SFA12 нөмірлі TOYOTA CAMRY көліктерінің жүргізушілері мен жолаушылары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғаны анықталды. Олардың барлығы жауапкершілікке тартылды", – делінген Ақтау қалалық полиция басқармасының 23 маусым, дүйсенбі күні Instagram-дағы ресми парақшасында жарияланған хабарламасында.
Хабарламада көрсетілгендей, жол-патрульдік полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырған.
Аталған баптың 1-тармағына сәйкес, жолаушылар мен жүк тасымалдау ережесін сақтамау – бес айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. 2025 жылы Қазақстанда 1 АЕК 3 932 теңгені құрайды.