«Махаббат құрғысы келеді»: Наркенже Серікбаева басшысынан теперіш көргенін жайып салды

/
«Махаббат құрғысы келеді»: Наркенже Серікбаева басшысынан теперіш көргенін жайып салды
коллаж :turkystan.kz

Түркістан қаласындағы Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияның әншісі Наркенже Серікбаева облыс әкіміне жасаған үндеуінде өз шындығын жайып салды, деп хабарлады turkystan.kz.

Бірнеше республикалық, халықаралық әнші-термешілер сайысының лауреаты атанған әнші филармония басшылығынан қорлық көргенін және өзін өнерден шеттеткісі келгендерді атап айтты.

«Осы жолы үндеу айтқым келіп отыр. Құрметті әкім мырза, менде айтар шындық көп. Сіз білерсіз, білмессіз. Көп қысым көріп келе жатырмын. Соның ішінде Шәмші Қалдаяқов атындағы филармониямыздың басшысы Ғалымжан мырза маған қаншама қысым көрсетті. "Концертке қатысатын киімің жоқ" деген сылтаумен шеттетті. Ұят та болсын айтайын, «менің алдыма отыр, мен сені иіскеуім керек» деген әңгімелердің бәрінен өтіп келемін. Бірақ құрметті әкім мырза, осыны қолға алуыңызды өтінемін. Жалғыз мен емес, қазақтың қаншама қызы сондай басшылардың қол астында кетіп жатыр. Осындай басшылардың кесірінен қаншама қазақ қыздары интернет желісінде бір-бірінен көмек сұрап жүр», - деді Наркенже Серікбаева.

Филармония әншісінің сөзінше басшылық «киімің жоқ» деген себеппен сахнадан шеттеткен. Осы мәселе төңірегінде ол әкімнен көмек сұраған.

«Осы жазбамды жағдайды қолға алады деген сеніммен жазып отырмын. Шындықты айтқаным үшін, махаббат құрмағаным үшін көріп келе жатқан қысымым бүгін шегіне жетті. Ақыр соңы сахнадан шеттетті. "Болды, қатыспайсың... Себебі, мен басшымын. Мен өзім білемін" деп барша жұмыскерлердің көзінше абыройымды төкті, ар-ожданыма тиді. 2003 жылдан бері сол мекемеде жұмыс істеп келе жатқан соң бұлай жұмыстан шығып кете алмаймын. Осы жерден зейнетке шыққым келеді. Осы жазбама ескере қараңызшы», - деді әнші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары