Қазақстанның бірінші, әлемнің 45-ракеткасы Александр Бублик Галле (Германия) ATP 500 турнирінің жеңімпазы болды.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 11-ракеткасы, ресейлік Даниил Медведевпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Осыған дейін қарсыластар алты рет кездесіп, соның бәрінде Медведев жеңген еді.
Бубликтің өзі де ресейлік теннисшілерден тек Д.Медведевті ұта алмай жүргенін мойындаған-ды.
Бұл жолы бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте Бублик брейк жасай білді – 6:3.
Екінші сетте тай-брейкте Бублик сәтті ойнады – 7:6 (7:4).
Бір сағат 21 минутқа созылған бәсекеде Бублик 11 эйспен бірге 4 брейк-пойнттың біреуін пайдаланды. Медведев 11 эйспен есте қалды.
Осылайша, қазақстандық теннисші спорттық жолында ATP турнирлерінде бесінші титулына қол жеткізді. Соның ішінде А.Бублик 2023 жылы Галле додасында үздік шыққан еді.
Александр Бублик алдағы дүйсенбіде жаңартылатын рейтингіде 30-орынға көтеріледі.