Жартылай орта салмақта өнер көрсететін жапон боксшысы Дзин Сасаки америкалық Брайан Норман-жуниормен жекпе-жекте нокаутпен жеңілгеннен кейін есінен айырылып қалды. Спортшы соңғы бір жарым айда не болғанын мүлде есіне түсіре алмай отыр, деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы жапонның daily.co.jp басылымы жазды.
Жекпе-жектен кейін Сасаки бірден ауруханаға жеткізілген. Оның жаттықтырушысы Исио Накаяның айтуынша, спортшы соңғы 1,5 айда не болғанын, тіпті осы жекпе-жекке келіскенін де ұмытып қалған.
«Сасаки жекпе-жектен кейін бірден ауруханаға жеткізілді. Онда оған компьютерлік томография жасалды. Ішкі қан кету немесе ауыр жарақаттар анықталған жоқ. Бірақ бастың артқы жағына қатты соққы тигендіктен, ол жадынан айырылды. Физикалық зақым байқалмайды, бірақ біз оның жағдайын бақылауда ұстаймыз. Ертең ол қайтадан тексеруден өтеді», — деді Накая.
23 жастағы Сасаки осы уақытқа дейін 19 жеңіске (оның 17-сі нокаутпен) жетіп, 2 рет жеңілген және бір мәрте тең түскен. Ал 24 жастағы қарсыласы Норман WBO (Бүкіләлемдік бокс ұйымы) нұсқасы бойынша чемпиондық белбеуін сақтап қалды. Оның кәсіби мансабында 28 жеңіс (22 нокаутпен) бар.