Алакөл – Абай облысының ғана емес, бүкіл Қазақстанның туристік әлеуеті жоғары аймақтарының бірі. Жаз мезгілінде мыңдаған демалушыны баурап алатын көркем көл жағалауында биыл көптеген жаңашыл жобалар іске асып жатыр. Аймақ әкімдігі мен тиісті органдардың кешенді жұмыстары нәтижесінде туристердің қауіпсіз әрі жайлы демалуына жағдай жасау басты басымдықтардың біріне айналды.
Жағалаудағы өзгерістер: инфрақұрылым жақсарды. Жағалауда соңғы күрделі жөндеу және Арбат құрылысы 2018 жылы жүргізілген еді. Содан бері уақыт өте келе орталық серуен алаңы – Арбаттың қазіргі жағдайы сын көтермейтін күйге түсті. Демалыс аймағындағы тенттердің жыртылуы, тот басқан тұтқалар мен сынық қоршаулар адам өміріне қауіп төндіретін деңгейге жеткен. Биыл бұл мәселе шешімін тапты. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 млрд 543 млн теңге есебінен Арбат аумағы мен жағажай инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары басталды. Ағымдағы жөндеу жұмыстарына 108,9 млн теңге бөлініп, мердігер ретінде «ОЗОН-93» ЖШС анықталды. Сонымен қатар, демалушылар сұранысын ескере отырып, жаңа қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда. Мұнда сауда орындары, серуен аймақтары, балалар алаңқайлары қарастырылған.
Санитарлық талаптар мен қауіпсіздік – басты назарда. Көп жылдан бері көтеріліп жүрген маңызды мәселелердің бірі – санитарлық-гигиеналық тораптардың жетіспеушілігі. Бұл бағытта да нақты істер қолға алынуда. Қазір қызмет етіп тұрған 12 санитарлық торапқа қосымша 25 модульдік дәретхана орнатылады. Бұдан бөлек, 25 қоқыс контейнері, 50 қоқыс жәшігі, 35 киіну кабинасы, 86 бейнебақылау камерасы және шағын сәулет нысандары орнатылады. Бұл жұмыстарды «Construction Build KZ» ЖШС жүзеге асырады.
Жолдар мен көлік қатынасы: туристерге толық қолжетімділік. Алакөлге жету бұрынғыға қарағанда анағұрлым ыңғайлы. 2025 жылы бағыт бойынша жолаушылар тасымалы автокөлік, әуе және теміржол арқылы жүзеге асырылады. Автожолдар: Көл маңындағы 5 шақырым жолға – 229,5 млн теңгеге, ал «Мақаншы – Жалаңашкөл» жолының 16 шақырымына – 862,9 млн теңгеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Автобус бағыттары: Алакөлге апаратын 9 бағыт бойынша тұрақты автобус рейстері бар. Мәселен, Семей – Алакөл бағытының билет құны – 6400 теңге. Әуе қатынасы: Үржар әуежайынан «Оңтүстік Аспан» және «Scat» компаниялары арқылы Астана мен Алматы қалаларынан аптасына 7 ретке дейін рейстер ұйымдастырылады. Билет құны – 14 000-18 000 теңге аралығында. Теміржол қатынасы: «Семей – Жалаңашкөл» әлеуметтік бағыты бойынша пойыз күнара жүреді. Плацкарт вагонының билет құны – 4543 теңге.
Қауіпсіздік пен құтқару қызметтері – сенімді бақылауда. Шомылу маусымы кезінде Алакөл жағалауында Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары күнделікті кезекшілік атқарады. Арнайы дайындықтан өткен 10 нұсқаушы, 6 құтқару мұнарасы, Kazbot және Carvet 600 техникаларымен жабдықталған топ судағы қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Жағажайдың 5 шақырымына буйлар, 7 пирс және 7 қосымша мұнара орнатылады. Бұл мақсатта 41,8 млн теңге бөлінген. Туристердің қауіпсіздігін күшейту үшін маусым бойы 45 полиция қызметкері мен 14 медицина маманы (оның ішінде 6 дәрігер, 8 медбике) тәулік бойы жұмыс істейді. Қажет жағдайда қосымша 2 жедел жәрдем көлігі жұмылдырылуға дайын.
Қабанбай ауылында тәулігіне 150 тонна көлеміндегі резервуары бар жаңа «Qazaq Oil» жанармай құю станциясы ашылды. Бұрын туристер мен тұрғындар Үржар мен Аягөз аудандарынан жанармай алып жүрген, ал кейбір жағдайда заңсыз сату салдарынан өрт оқиғалары жиі орын алатын. Енді бұл мәселе түбегейлі шешімін тапты.