240
Таразда Балалар университеті ашылды
Таразда Балалар университеті ашылды
Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Балалар университеті ашылды. «Kids University» жобасың мақсаты – мектеп оқушыларының шығармашылық қабілетін дамыту, заманауи технологияларды меңгерту және оны өмірде қолдануға дағдыландыру. Бұл туралы университеттің баспасөз қызметі хабарлайды.
Оқу орнының 50 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шара 8 бағыт бойынша жүргізіледі. Алғашқы кезеңде институт ғалымдары Жамбыл облысы мен Тараз қаласындағы мектеп оқушыларын химия, биология, физика және робототехника салалары бойынша жүргізілген зерттеу жұмыстарының қыр-сырымен таныстырып, инновациялық ойларын ортаға салды. Кешенді тәжірибе жүргізуге педагогикалық институттың базасында толық жағдай жасалған. Оқу орнында студенттер мен мектеп оқушыларының робототехника бойынша ғылыми-техникалық шығармашылық қабілетін дамыту мақсатында «Электротехника», «Радиотехника», «Электроника негіздері» және «Мектептегі робототехника» оқу-зертханалары жұмыс істейді. Дәрісханалар Lego, Tetrix, Аrduino роботтарымен, заманауи құрылғылармен, оқу-әдістемелік және бағдарламалық нұсқаулықтармен жабдықталған. Сонымен қатар, Физика-математика факультетінің Жамбыл облысындағы орта және арнайы мектептеріндегі информатика пәні мұғалімдерінің робототехника, электроника негіздері мен радиотехника пәндері бойынша біліктілігін көтеруге арналған материалдық және ресурстық базалары бар. Институтта тәжірибеден өткен озық ойлы оқушылардың ғылыми жобалары орталықта топтастырылады. Еңбектерді өндіріске енгізу ісі де жан-жақты қарастырылмақ. Ал, жобаның өнер, мәдениет және спорт бағыты бойынша жеткіншектерге «Дизайн», «Бейнелеу өнері», «Спорттық жаттығулар», «Сурет және сызу», «Хореография», «Алғашқы әскери дайындық» және «Музыкалық аспаптарды үйрену» секциялары бойынша шеберлік сыныптары өткізілді. «Бүгінгі тәжірибелік сабақтарды есімі елге белгілі өнер майталмандары, қылқалам шеберлері мен әлемдік спорт бәсекелерінде «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шыққан спорт шеберлері өткізді. Бұл шараның мектеп оқушыларының мамандық таңдауда тигізетін ықпалы зор. Жастардың өз бейіміне қарай дәл сол салада терең білім алуы – еліміздегі маман тапшылығы мен жұмыссыздық мәселесінің оң шешім табуына сеп болмақ», – дейді жоба авторлары.