Елордадағы «Синтез» театрында ерекше әдеби кеш өтті. Абайдың 180 жылдығына орай «Сөз бен әуен» деп аталған рухани шараны Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалы бірлесе ұйымдастырды.
Бұл кеш – тек өлең оқу кеші ғана емес, қазақ жырының жаңа тынысы мен болашағын тануға мүмкіндік беретін әдеби платформа болды. Оған елордамыздағы бірқатар жас ақындар – Ұмтыл Зарыққан, Шерхан Талап, Саян Есжан, Наурызбек Саршаев, Толқын Қабылша, Рауан Қабидоллин, Айзада Рахымжанова, Ажар Ерболған, Ділда Уәлибек, Аружан Яхуда, Әмина Адайхан сынды жас дарындар қатысып, өздерінің ең таңдаулы өлеңдерін оқыды. Кештің аты айтып тұрғандай, сөз бен әуен қатар өрілді. Әдебиет пен музыканың үйлесімді синтезі – көрермендердің рухани жан дүниесіне ерекше әсер етті. «Астана бэнд» ансамблі мен Музыкалық жас көрермен театрының әншісі Сұлтан Кеңшілік орындаған музыкалық композициялар жыр кешінің көркемдік қуатын еселей түсті. Ал кештің жалпы режиссурасы мен жүргізушілік тізгінін ұстаған Мұхтар Диханәліұлы поэзия кешін өлең жолдарымен әрлеп отырды. Кеште сөз сөйлеген Жазушылар одағының Астана қаласы филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы мұндай кештердің әдеби үрдісті дамыта түсіп, жас буындардың жаңалығын сезінуге ықпал ететінін айтты. Ол өз сөзінде Ақын Ұлықбек Есдәулеттің «Ең ұлы ақын – жас ақын» деген өлең жолын еске алып, жастардың қазақ поэзиясына қосқан үлестерін айта келіп, өзінің жас кезінде мұндай поэзия кештердің жиі өтпегенін, қазіргі жастардың оқырманмен бетпе-бет жиі жүздесетініне мүмкіндік мол екенін жасырмады.
Әдеби кеште тек жастар ғана емес, рухани ортадағы үлкен буын өкілдері де белсенді болды. Ақын Мұхарбек Жәкейұлы мен Сәнді Ақылай көрермен болып келіп, шабыттанып, сахнаға шығып жыр оқыды. Бұл – әдебиет пен жас ұрпақ арасындағы үзілмеген сабақтастықтың белгісі.
Кеш соңында Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы Гауһар Еленбаева жылы сөздерімен ақындарды жігерлендіріп, руханияттың ұлы жолында әрдайым жастарға демеу бола білген тұлғаларға ризашылығын білдірді.
«Сөз бен әуен» – поэзияның бүгінгі үні, жас буынның жырмен сөйлеген жан сыры болды. Мұндай рухани басқосулар – елордалық мәдени өмірдің өне бойына қан жүгіртері сөзсіз. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта да осындай игі шаралар жалғасын табатынын айтты.
Жанбота БАҚЫТБЕК,
Еуразия Ұлттық университеті
Журналистика факультетінің
ІІ курс студенті