Израиль Иранға шабуылдады: Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

/
Израиль Иранға шабуылдады: Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады

13 маусым күні таңертең Израиль әскері Иранның бірнеше қаласына, соның ішінде Тегеран, Тебриз, Лурестан, Керманшах және Исфахан провинциясындағы Натанз қаласындағы ядролық нысанға соққы жасады, деп хабарлады turkystan.kz.

Шабуыл салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының бастығы Мұхаммед Багери, Ислам революциясы сақшылар корпусының (IRGC) қолбасшысы Хосейн Салами, «Хатам аль-Анбия» орталық штабының басшысы Голамали Рашид, IRGC Әуе-ғарыш күштерінің командирі Али Хаджизаде және алты ядролық ғалым қаза тапқаны хабарланды.

Тегерандағы соққыдан кейін бейбіт тұрғындар арасында, оның ішінде әйелдер мен балалар арасында да адам шығыны көп екені айтылуда.

Израиль армиясы бұл операцияға 200 әскери ұшақ қатысқанын мәлімдеді. Ал Иран жауабы ретінде Израильге 100 дрон ұшырғанын хабарлады.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху шабуылдар қауіп толық жойылғанша жалғасатынын айтты. Елдің қорғаныс министрі Исраэль Кац Израильде ұлттық төтенше жағдай енгізілгенін жариялады.

Оқиғаға қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс өңіріндегі қауіпті әскери шиеленіске байланысты өз алаңдаушылығын білдіреді және қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құптайды. Қатысушы тараптарды барынша ұстамды болуға шақырамыз», - делінген мәлімдемеде.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары