Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев бес баланың өмірін қиған өрттің алдын ала себебін жариялады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Қайғылы оқиға Батыс Қазақстан облысының Жымпиты ауылында болған. Бір отбасының бес баласы өрт салдарынан көз жұмды. Үйде 30 шаршы метр аумақта ашық жалынмен жеке заттар мен жиһаз жанған. Құтқарушылар бес баланы ес-түссіз күйде тапты. Бесеуі де ауруханада қайтыс болды.
"Балалардың әкесі жұмыста болған. Ал анасы оларды сырттан жауып, дүкенге кетіп қалды. Алдын ала мәліметке сәйкес, балалар ойнап жүргенде от шыққан. Қазір сараптама жасалып жатыр. Соның нәтижесінде нақты себебі анықталады", - деді вице-министр Тұрсынбаев журналистерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, бұл отбасы бұрын басқа үйде тұрған. Онда арнайы датчиктер орнатылған болатын. Бірақ бір ай бұрын ешкімді ескертпей, басқа жалдамалы үйге көшіп кеткен.
Айта кетері, бес баланың үлкені 2019 жылғы, кенжесі бір жас шамасында. Балалардың әкесі мәдениет үйінде шаруашылық меңгерушісі, ал анасы үйде балаларға қарап отырған. Әкімдік балалардан айырылған ерлі-зайыптыға көмек берілетінін хабарлаған болатын.