Бүкіл әлем бойынша жүргізілген 2 700-ден астам клиникалық зерттеуге сүйенген ауқымды шолу физикалық белсенділіктің жадты, ойлау қабілетін және атқарушы функцияларды жақсартатынын көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz. Жаңа көлемді зерттеу British Journal of Sports Medicine журналында жарияланған, ол жаттығу жасаудың когнитивті (танымдық) функцияны жақсартуда маңызды рөл атқаратынын дәлелдеді. Бұл әсер тек сау адамдарға ғана емес, сонымен қатар балалар, егде жастағы адамдар мен түрлі ауруларға шалдыққандар арасында да байқалған.
Нәтиже не көрсетті?
- Физикалық белсенділік есте сақтау, логикалық ойлау, зейін және шешім қабылдау секілді ми функцияларын жеңіл әрі орташа деңгейде жақсартатыны анықталды.
- Жаттығу когнитивті әлсіреуге ұшыраған адамдарға да оң әсер етті.
- Жас аралығы 7-ден 89 жасқа дейінгі 258 000-нан астам адамның мәліметтері зерттелді.
Зерттеу қалай жүргізілді?
Австралияның Оңтүстік университетінің ғалымдары бастаған зерттеушілер тобы "шолулар шолуын" (umbrella review) жасаған. Олар 11 ірі дерекқорды қарап шығып, жоғары сапалы 133 жүйелі шолу мен мета-талдауды іріктеген. Бұл шолулар 2724 рандомизацияланған бақылаулы зерттеуді қамтып, әртүрлі жастағы және денсаулық жағдайындағы адамдардың деректерін біріктірген.
Қандай жаттығулар зерттелді?
- Аэробика, күштік жаттығулар, би, йога, Тай Чи және “экзеройындар” (қозғалысты талап ететін бейнеойындар).
- Көптеген шолуларда аралас жаттығу бағдарламалары зерттелді.
- Әр жаттығу кем дегенде 4 аптаға созылуы керек болды.
Бұрынғы зерттеулер көбіне бір жастағы топқа немесе жаттығудың белгілі бір түріне ғана бағытталған еді. Нәтижелері бір-біріне қарама-қайшы келіп жататын. Бұл жолы ғалымдар барлық сапалы деректерді біріктіріп, жалпылама қорытынды жасауға тырысты.
Физикалық белсенділік – денсаулықтың кілті ғана емес, мидың сергектігін сақтау мен дамытуға арналған қолжетімді және тиімді құрал. Жаттығу — дені сау адамдарға да, түрлі клиникалық жағдайы барларға да бірдей пайдалы.
Ғалымдардың кеңесі: дене белсенділігін күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру – ақыл-ойдың ұзақмерзімді жұмысын сақтау үшін маңызды қадам.