Оңтүстік Африка Республикасында қарлы дауыл салдарынан 49 адам қаза тапты

/
Оңтүстік Африка Республикасында қарлы дауыл салдарынан 49 адам қаза тапты
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынды

Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) шығыс жағалауында болған қарлы дауыл салдарынан шамамен 49 адам көз жұмды. Бұл туралы жергілікті билікке сілтеме жасаған Africa News порталы хабарлады, деп жазды turkystan.kz.

Мәлімет бойынша, елдің Шығыс Кейп провинциясында нөсер жауын мен қар жаууына әкелген қатты суық фронттан кейін су тасқыны болып, 49 адамның өмірі қиылған. Қаза тапқандардың қатарында су тасқыны кезінде автобуста болған алты оқушы да бар. Тағы төрт оқушы із-түссіз жоғалған.

Шығыс Кейп провинциясының премьер-министрі Оскар Мабуяне зардап шеккендер саны әлі де өсуі мүмкін екенін айтты.

Күшті қысқы дауыл елдің бірқатар аймағына зор залал келтірді. Мтата қаласында су тасқынынан алты адам, ал Цоло елдімекенінде тағы бір адам қаза тапты.

Ауа райының қолайсыздығынан әсіресе Шығыс Кейп пен Квазулу-Натал провинциялары қатты зардап шеккен. Шығыс Кейпте сел мектеп автобусын ағызып әкеткен. Құтқарушылар үш баланы ағаштарға жармасып аман қалған күйде тапқанымен, жоғалғандардың нақты саны әлі белгісіз.

Елдің метеорологиялық қызметі «қызғылт сары» деңгейдегі қауіп туралы ескерту жариялады. Кокстад аймағында қар басып, жолдар, соның ішінде маңызды N2 тас жолы жабылды. Билік үлкен көлемдегі су тасқындары мен көшкіндер болуы мүмкін екенін ескертті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары