Мұғалімнен шапалақ жегенімнің арқасында қазір қалада шоколад жеп жүрмін – Саят Медеуов

/
Мұғалімнен шапалақ жегенімнің арқасында қазір қалада шоколад жеп жүрмін – Саят Медеуов
ашық дереккөзден

Әнші Саят Медеуов оқушы кезіндегі естелігін ортаға салып, ауылдан қалаға көшуіне не түрткі болғанын айтты.

«Таңшолпан» бағдарламасында қонақта болған әнші 8-сыныпты бітіргеннен кейін ауылдан мүлдем кетуді қалаған. Оған себеп – сынып жетекшісі барлық оқушының көзінше әншіні шапалақпен ұрып жіберген.

«Мектепте Күлипа деген апайымыз болды. Сол кісі бүкіл мектептің алдында бір шапалақпен ұрғаны бар. Сыныптың алдында бір ұрды. Сосын линейкада, бүкіл мектептің алдында бір ұрды. Ол кісі менің сынып жетекшім болатын. Сол намысыма тиіп кетті. Содан соң оқымаймын, 8-сыныптан соң қалай да кетемін деп ауылдан кетіп қалдым. Қазір бір жағынан сол Күлипа апайға рахмет айтамын. Әпкеміздің шапалағын жеймін деп қазір қалада шоколад жеп жүрмін. Егер ол кісі болмаса кім біледі менің тағдыр жолым басқа жаққа, басқа арнаға бұрылар ма еді. Басқа жолға түсіп кете ер ме едім», – дейді әнші.

Әнші мектепте бұзық болмағанын, ол уақытта қазіргідей емес, мұғалімнен қатты қорыққанын айтады.

«Алғашқы қоңырау ғой. Ең алдыңғы партада отыратынмын. Бойым да «ұзын» ғой. Апайдың келгенін көрген жоқпын. Балалар арт жақта бірдеңе айтып тұрған соң артыма қарап күліп тұрғанмын. Сол кезде сынып жетекшіміз келіп қалыпты. Бәрі тынышталып қалды. Мен алдыма қарап едім, ол кісі «Неге ыржиып тұрсың?» деп шапалақпен тартып жіберді. Сол дұрыс болған деп ойлаймын. Шапалақ керек болды. Екіншісінде линейкада сапта тұрғанымда артымда тұрған бала итеріп жіберді. Бір аттап қайта артқа кіріп үлгермей қалдым. Ана кісі көріп қалды. Сол кезде де бүкіл мектептің алдында екінші рет ұрды. Мектепте бұзық болмадым, себебі біз ол кезде мұғалімдерден қатты қорқатынбыз. Қазір тиіп кетсе «Менің балама неге тиесің?» деп шығамыз ғой. Бірақ ол кезде біз мұғалімнің таяғын жедік. Одан жаман болғанымыз жоқ», – дейді әнші.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары