Аустрияның Грац қаласындағы мектепте болған оқиға салдарынан 10 адам қаза тауып, шамамен 30 адам жарақат алды. Осыған байланысты ел билігі үш күндік аза тұту жарияламақ, деп жазды turkystan.kz.
«Бүгін болған оқиға – ұлттық трагедия. Бұл жағдай барлығымызға ауыр тиді. Бүкіл Аустрия үш күн бойы қаза тапқандардың рухына тағзым етеді. Елдегі барлық мемлекеттік мекемелерде тулар төмен түсіріледі. Ертең сағат 10:00-де бүкіл ел бойынша бір минут үнсіздік жарияланады», – деді Аустрия канцлері Кристиан Штокер Штирия федералды аймағының астанасында өткен баспасөз мәслихатында.
Die Presse газеті мәлімдегендей, Грац қаласындағы мектепте болған атыс — ел тарихындағы адам өлімі бойынша ең ауыр қылмыс саналады.