5 маусым күні Петропавлдың айналма жолында, «Добрый путь» дәмханасы маңында «ГАЗель» мен Mercedes көліктері соқтығысып, төрт адам тірідей жанып кетті. Қайтыс болғандардың арасында жеті жастағы қыз бала да бар, деп хабарлады turkystan.kz.
Qazaqstan Media-ның жазуынша, жол-көлік оқиғасы кешкі жетілер шамасында болған. Апат салдарынан төрт адам көз жұмған. Олардың бірі — 2018 жылы туған қыз бала. Тағы екі адам ауруханаға жеткізілді.
«Жапа шеккен екі ер адам — 32 және 39 жаста. Олар көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілді. Жағдайлары ауыр. Біреуі жансақтау бөлімінде, екіншісі — травматологияда. Барлық қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр», — деп мәлімдеді СҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
«ГАЗель» көлігі газ қондырғысымен жабдықталған, ішінде картоп тиелген. Куәгерлердің айтуынша, қайғылы оқиғаға Mercedes жүргізушісінің қарсы жолаққа шығып кетуі себеп болған.
Аталған жол-көлік оқиғасына байланысты полиция алдын ала тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.