Түркияның Бурса қаласында қол күресінен өткен әлем чемпионатында қазақстандық полицей қыз жеңімпаз атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Әлемнің 32 елінен келген спортшылар қатысқан бұл жарыста Қазақстанның намысын Астана қаласы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағының инспекторы полиция полковнигі Данара Ахметова қорғады.
Әйелдер арасындағы 60 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Данара Ахметова қарсыластарының бәрінен басым түсіп, алтын медаль жеңіп алды. Бұл – оның халықаралық деңгейдегі алғашқы ірі жеңісі.
— Жарыс өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еліміздің туын биікте желбіретіп, Қазақстан полициясының абыройын халықаралық аренада таныта алғаныма ерекше қуаныштымын, — деді Данара Ахметова жеңістен кейінгі әсерін бөлісіп.
Чемпионды елге оралған сәтінде Астана халықаралық әуежайында әріптестері, туыстары мен достары ыстық ықыласпен, гүл шоқтарымен қарсы алды. Бұл жеңіс – отандық полиция қызметкерлерінің тек кәсіби салада ғана емес, спортта да биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеді.