Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Шешім қабылданғанда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілді.
Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Соңғы айларда бағаның өсуінне түрткі болған негізгі қозғаушы фактор – реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция болып отыр. Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдегені байқалды. Мамырда айлық инфляция тарихи динамикадан айтарлықтай асып, 0,9% болды. Базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция көрсеткіштері бір жылға есептегенде тиісінше 10,1%-ды және 11,4%-ды құрады. Осының барлығы тұтынушылық сұраныстың қайта артуынан, өндіріс шығындарының өсуінен, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың жалғасуынан бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді. Мамырда халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі 12,2%-ға қарағанда 14,1%-ға дейін өсті. Бұл келешек инфляцияға қатысты құбылмалылық пен белгісіздік сақталып қалғанын көрсетеді.