Кұлсарыда жарылыс пен ірі өрт салдарынан екі адам қаза тауып, 12 адам зардап шекті, деп хабарлады turkystan.kz.
Атырау облысы Құлсары қаласында болған жарылыс пен одан кейінгі ірі өрт салдарынан екі адам қаза тауып, 12 адам жарақат алғанын өңірдің төтенше жағдайлар департаментінің (ТЖД) баспасөз қызметі хабарлады.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 14 адам зардап шеккен, олардың екеуі көз жұмды», – деп хабарлады ТЖД.
Құтқарушылардың нақтылауынша, Атырау облысының ТЖД 112 пультіне Жылыой ауданы, Құлсары қаласындағы Махамбет Өтемісұлы даңғылында газ-ауа қоспасының жарылысы болғаны туралы және салдарынан бір-біріне жақын орналасқан үш бірқабатты құрылыс, газ құю бекеті және артында тұрған екі қабатты ғимарат өртеніп жатқаны туралы хабар түскен.
«Оқиға орнына дереу ТЖД мен Мемлекеттік емес өртке қарсы қызметтің 60 қызметкері және 10 техникасы жұмылдырылды. Өрт сөндіру және газ тасымалдаушы көлікті салқындату жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар өрт ошақтарын оқшаулау және қауіпті аймақтан адамдарды эвакуациялау шаралары жүргізілуде», – деп толықтырды ТЖД.
Өрттің шығу себебі мен жанып кеткен аумақтың көлемі анықталып жатыр.