Тауда тұратын Қытай азаматы өз қолымен ерекше 300 көлік жасап шығарған

/
Тауда тұратын Қытай азаматы өз қолымен ерекше 300 көлік жасап шығарған
сурет: Photo: SCMP composite/Douyin

Қытайдың солтүстік-шығысындағы Хэйлунцзян провинциясынан шыққан 42 жастағы Гу Юпэн кейінгі жеті жылда тауда өмір сүріп, өз қолымен 300-ге жуық ерекше әрі функционалды көлік жасап шыққан. Оның кейбір туындылары судың бетінде жүзе алады немесе тік жартастарға өрмелейді. Бұл ерекше өнертабыстар интернетте кеңінен таралып, миллиондаған қолданушының таңданысын тудырды, деп хабарлайды turkystan.kz scmp-қа сілтеме жасап.

2018 жылы бірнеше бизнес жобасы сәтсіз аяқталған соң, Гу Қытайдың оңтүстік-батысындағы Юньнань провинциясының шалғай таулы аймағына қоныс аударып, жаңа өмір бастаған. Бұған дейін өндіріс саласында жұмыс істеген ол жаппай өндірістің бірсарынды өмірінен жалығып, бар-жоғы 30 000 юань (шамамен 4200 АҚШ доллары) жинап, көлік құрастыруға бел буған.

Ең қызығы Гу бұл істі ешқандай арнайы білімсіз, өз бетінше үйренген. Ол дизайн жасау, дәнекерлеу, бағдарламалау және көлік жинау сынды барлық қажетті дағдыларды өзі меңгерген.

Құрылыс қалдықтары, ескі мотоцикл бөлшектері мен темір-терсектерді пайдалана отырып, ол аптасына бір көлік жасап, бүгінде 300-ге жуық туындыны жарыққа шығарған.

«Мен бала күнімнен бастап айналамдағы заттарға қызығып, олардың қалай жұмыс істейтінін білгім келетін», – дейді ол Ran News басылымына берген сұхбатында.

Гудың ең таңғаларлық өнертабыстарының бірі – 45 градус еңіске өрмелейтін, 1,5 метрлік орларды кесіп өте алатын, көпдөңгелекті шынжыр табанды көлік. Бұл көлікте тіпті жүріп келе жатып ұйықтауға болатын жиналмалы төсек те бар.

Тағы бір назар аударарлық туынды – "жұмыс үстелі көлігі". Ол кеңседен тыс жұмыс істеуге бейімделген: ішінде үстел, кресло, тіпті үстел шамы да орнатылған. Бұл көлік суда жүзе алады, ішінде кәуап пісіретін гриль мен балық аулайтын құрылғысы да бар. Осылайша, иесі жұмыс арасындағы үзілісте демалып, түскі ас іше алады.

Гу өз жобаларын Douyin платформасында “Strong Pig” деген атпен бөлісіп отырады. Қазір оның парақшасында 3 миллионға жуық жазылушы бар, ал ең танымал видеосы 5,3 миллион қаралым жинаған. Бұл видеоларда ол көліктерін қалай жасайтынын, шабыт көздерін және қолөнер тәсілдерін көрсетеді.

«Өмір – бұл тәжірибе жасап, ләззат алу», – дейді ол өзінің парақшасында. Ол кейде жазылушылардың ұсыныстары бойынша көлік ойлап табады. Мысалы, бір адам «ұшатын қоқыс шелегін» жасауға кеңес бергенде, Гу оны да жасап шыққан – пропеллермен қозғалатын нағыз ұшатын нұсқасын.

«Әлі де жасап үлгермеген арманым көп. Мен оларға біртіндеп, тынбай жұмыс істеп жетуді көздеп жүрмін», – дейді өнертапқыш.

Гу Юпэннің шығармашылығы мен шеберлігі желі қолданушыларының зор ықыласына бөленіп отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары