"Айқын" мүшелге толды

"Айқын" мүшелге толды

"Айқын" мүшелге толды
ашық дереккөзі
161
«Айқын» газеті мүшел жасына орай «13 жылдыққа – он үш шара» атты бастама көтерген болатын. Басылым ұжымы бұл жолы жас журналистермен әдеттегіден өзгеше жағдайда, дастархан басында дидарласты. Сондай-ақ, айқындықтар тарапынан төрт студентке бір реттік шәкіртақы тағайындалды. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетіне ат басын тіреген «Айқын» газетінің Нұртөре Жүсіп бастаған ұжымы кездесуді қазақы нақышта өткізді. Ұлттық киім киіп қана қоймай, ұлттық тағамдардан дәм татырды. Бұрын есімдерін газет бетінен, мақала соңынан ғана көріп жүрген журналистермен жүзбе-жүз жолыққан студенттер ерекше әсер алды. Сағатбек МЕДЕУБЕКҰЛЫ, журналистика факультетінің деканы: – «Қазақ мүшел жасына ұлан-асыр той жасайды. Осы ата-дәстүрді жаңғыртып жүрген «Айқын» газетінің ұжымына алғыс айтқымыз келеді. Еліміздегі қазақ тілінде жарық көретін республикалық басылымдардың көшін бастайтын газеттердің бірегейі десек, артық емес. Өйткені мұнда қызмет ететін журналистер басым көпшілігі Қазақстанға белгілі тілшілер. Аптасына төрт мәрте газет шығару – оңай шаруа емес. Қиындығы мен қызығы қатар жүретін қайнаған орта деп осыны айтса керек. Біздің студенттермен тілдесіп, ақыл-кеңестеріңізді жиі айтып отырсаңыздар екен. Осы әдемі үрдісті енді еліміздің өзге де БАҚ өкілдері ізін суытпай, жалғаса жақсы болар еді. Биылғы мерейтойларымен құттықтай отырып, ұжымға шығармашылық табыс тілегіміз келеді. «Айқынды» алып, айқындалайық! Журналистикаға деген талабы зор төрт студентке бір реттік шәкіртақы тағайындалды. Оның бірін газетіміздің қызметкері Айдана Нұрмұхан анасының құрметіне өз атынан табыс етті. Нұртөре ЖҮСІП, «Айқын» газетінің бас редакторы: –Қара шаңырақ – ҚазҰУ-дың журфагы көпшілігімізге ыстық. Өйткені ұжымдағы журналистердің басым бөлігі осы оқу ордасынан тәлім алған. Мен де осы жердің түлегімін әрі бір жылдары оқытушылық қызметте болған едім. Жас журналистерді дайындайтын бірден-бір орын екенін жылдар бойы дәлелдеп келеді. «13 жылдыққа – он үш шара» аясында бұл жерді ұмыт қалдыруға болмайды. Жылы қабылдап, қонақ ретінде күтіп алған факультет ұжымына алғыс айтқымыз келеді. Елімізге белгілі журналистерді тәрбиелеп, оқу орнының беделі арта берсін. Естеріңізге сала кетсек, осыған дейін газет ұжымы журналистер арасында шахматтан Aikyn Media Open турнирін өткізіп, Алматыдағы Қазақстан Инженерлік-технологиялық университеті студенттерімен кездескен болатын. Айқындықтардың төртінші шарасы алдағы уақытта белгілі болады.        

Серіктес жаңалықтары