Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында 15 жастағы оқушы кенеттен қайтыс болды, деп хабарлады turkystan.kz.
Оқиға 27 мамыр күні кешкісін Ембі қаласында тіркелген. Жасөспірім дене қызуы көтеріліп, іш өтіп, құсу белгілерімен аудандық ауруханаға жеткізілген.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бала ауруханаға сағат 19:30 шамасында түскен. Жағдайының күрт нашарлауына байланысты облыстық дәрігерлерден кеңес алынған. Алайда көрсетілген медициналық көмекке қарамастан, жасөспірім түн ішінде көз жұмды. Дәрігерлер оның өліміне менингит себеп болуы мүмкін екенін хабарлады.
Марқұм бұрын денсаулық бойынша еш жерде тіркеуде болмаған. Ол нағашы ата-әжесінің қолында тәрбиеленіп жүрген.
Ауыл тұрғындары жасөспірімнің қайтыс болуын энергетикалық сусынмен байланыстыруы мүмкін екенін айтқанымен, бұл болжамды ресми органдар растамады.
Қазір оқиғаға байланысты сот-медициналық сараптама тағайындалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.