Әлеуметтік желіде Алматы облысында «қалыңдық алып қашу» дәстүрі кезінде жол-көлік оқиғасы орын алып, салдарынан бойжеткен көз жұмды, ал көлікте болған күйеу жігіт пен оның таныстары жарақат алды деген ақпарат таралуда, деп хабарлады turkystan.kz.
Алайда Алматы облыстық полиция департаменті жол апатының болғанын растағанымен, оның қалыңдықты алып қашу рәсімімен байланысты екені ресми түрде расталмады. Ведомствоның хабарлауынша, жол апаты 24 мамыр күні сағат 18:00 шамасында Алматы облысындағы БАКАД автожолының 36-шақырымында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, KIA маркалы көлік жүргізушісі Mercedes-Benz көлігімен жанама соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes аударылып кеткен.
Жол апатынан Mercedes жолаушыларының бірі оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы мен жүргізуші түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Жол апатына себепкер болған жүргізуші ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.