Лука Модрич «Реал» футбол клубынан кететінін мәлімдеді

/
Лука Модрич «Реал» футбол клубынан кететінін мәлімдеді
Ашық дереккөзден

Бүгінгі күннің ең үлкен жаңалығы — Лука Модрич «Реалдан» кетіп жатыр. Ертең хорват футболшысы мадридтік клуб ойыншысы ретінде «Сантьяго Бернабеу» стадионында соңғы рет алаңға шығады, деп хабарлады turkystan.kz.

Лука Модрич бұл шешімі туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Құрметті «Реал» жанкүйерлері, уақыт келді. Бұл — футбол, ал өмірде әр нәрсенің басы мен соңы бар... Сенбі күні мен «Сантьяго Бернабеудағы» соңғы ойынымды өткіземін.

2012 жылы мен әлемдегі ең үздік команданың жейдесін киіп, үлкен жетістіктерге жетуді армандап келдім. Бірақ кейін не боларын елестете де алмадым. «Реал» сапында мен әрі футболшы, әрі адам ретінде өмір сүруді үйрендім. Өзімді тарихтағы ең ұлы клубтың бір бөлшегі сезінемін.

Шын жүректен клубқа алғыс айтқым келеді, әсіресе президент Флорентино Переске, командадағы әріптестеріме, бапкерлерге және осы жылдар бойы маған қолдау көрсеткен барша жандарға рақмет. Осы жылдар ішінде мен таңғажайып сәттерді бастан өткердім — мүмкін емес көрінген камбэктер, финалдық ойындар, жеңістер мен «Бернабеудағы» сиқырлы түндер. Біз бәрін жеңдік және мен бақытты болдым. Өте-өте бақытты болдым.

Бірақ титулдар мен жеңістерден де маңыздысы — мен «Реал» жанкүйерлерінің шынайы сүйіспеншілігін жүрегімде сақтап кетемін. Сіздермен арамдағы ерекше байланысты сөзбен жеткізу қиын. Маған көрсеткен қолдауларыңыз, құрметтеріңіз бен махаббаттарыңыз үшін зор рақмет. Әрбір қошемет пен ықыласқа толы сәттер мәңгі есімде қалады. Көңілім мақтанышқа, алғысқа және ұмытылмас естеліктерге толы.

Мен әрқашан Мадрид жанкүйері болып қала беремін», - деді Модрич.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары