Ай басында Талғардағы жаппай төбелес кезінде көз жұмған 16 жастағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты сот отырысы басталған болатын. Алғашқы сот отырысынан кейін сотталушылардың сот залынан күліп шығып бара жатқан видеосы тараған еді. Бұл желі қолданушыларының ашуын тудырған. Осы жағдайға байланысты қызметтік тексеріс басталған. Бүгінгі сот отырысында төрағалық етуші судья Ержан Жанұзақов тексеріс нәтижесін жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Осы қылмыстық іс бойынша 29 сәуірде өткен тікелей эфирден кейін интернетте таралған күдіктілердің видеосы туралы жүргізілген қызметтік тексерістің нәтижесін жариялаймын. Қызметтік тексеріс барысында техникалық қызметкерлердің трансляцияны уақытылы тоқтатпағаны, соның салдарынан күдіктілердің видеосы эфирге шыққаны анықталды. Осыған байланысты техникалық қызметкерлер Рустем Муксинов, Нәзира Оразалиева және Сәуле Кайдағұлова тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деді судья.
Бұдан кейін Ержан Жанұзақов кеше әлеуметтік желіде сот отырысына байланысты аудиожазба таралуына байланысты жеке қаулы шығару үшін кеңесу бөлмесіне кетті.