Бүгін Талғардағы жаппай төбелес кезінде қайтыс болған Шерзат Полаттың өліміне қатысты кезекті сот отырысы өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінгі сот отырысында басты күдіктілер Абзал Шынасыл мен Дидар Қалиахметтен жауап алынды. Бұған дейін басты күдікті ретінде танылған Абзал Шынасыл осыған дейін берген жауаптарынан бас тартып, Шерзатқа пышақ сұқпағанын айтты.
Сондай-ақ сот отырысында прокурор Дана Сәрсенбай марқұм Шерзат Полаттың мәйітіне жасалған сараптама қорытындысын оқыды. Сараптама Талғар аудандық орталық ауруханасының мәйітханасында жасалған.
«Мәйіттің бойы шамамен 170–175 см, арық денелі. Көздері жартылай жабық. Оң жақ бетінде қызыл-қоңыр түсті қан дақтары мен көгерген іздер байқалған. Үстіңгі ернінде де қан дақтары бар. Сол қолының бесінші саусағында жарақат, ал оң қолдың білек тұсында 2 см жарақат бар. Мәйіттің сол жақ қабырға тұсында 2,5 см өткір затпен салынған, сұғылмалы-кесілмелі жарақат анықталған. Мәйітті тексеру барысында басқа айқын жарақаттар табылмады», – деді прокурор.