Балдырғанның бал тілі шықпай жүрсе...

Балдырғанның бал тілі шықпай жүрсе...

Балдырғанның бал тілі  шықпай жүрсе...
ашық дереккөзі
  Баланың тілі уақтылы шықпаса қайтпек керек? Оған назар аударып, тиісті жерге жолдай алатын дәрігер болса жақсы. Болмаса ше? Көпшіліктің алдынан шығатын күрмеу де осы. Баланың тілі шықпай, мүгедектігіне немесе басқа да ауытқуларына байланысты көмек қажет болғанда, ата-ана логопед, дефектологтарды іздей бастайды. Қолы жетсе, мемлекеттік мекемелер – арнайы балабақша, түзету мектептеріне түсе алады. Ал кезегі жетпесе, шама-шарқы келгенше ақылы түрде логопед маманның көмегіне ұмтылады. Өкінішке қарай, елімізде қазақ тілінде жұмыс істеуге маманданған логопедтер тапшы.

Логопед не дейді?

Балаға қандай жағдайда логопед-дефектологтың көмегі қажет? Мамандардың айтуынша, балаға көп жағдайда логопед, дефектологтардың көмегі қажет болады. Осы саланың қыр-сырын ашып, негізгі түйткілдерін ортаға салу үшін логопед-дефектолог Гүлнара Сағымбаеваның пікірін тыңдаған едік. «Негізі логопед пен дефектолог мамандықтарын біртұтас қарастыруға болады. Қазіргі нарық заманында дефектолог есебінде бір, логопед есебінде бір ақы алу үшін бөліп алған. Жалпы  анасының  құрсағында жатқанда генетикалық немесе анасының  денсаулығының әлсіздігі салдарынан туабіткен аурулар (хромосомалық  «Даун синдромы»), неврологиялық (гидроцефалия, микроцефалия т.с.с. БЦП), гендік тұрғыдан да тұқым қуалайтын аурулар бойынша баланың тілінде кемістік пайда болады, тіпті, тілі шықпайтын кездері де кездеседі. Осындайда логопед мамандардың атқарар қызметі орасан зор. Бұл жағдайда анасы жүктіліктің 1 кезеңінде науқастанып, вирусты жұқпалы  аурулармен ауырып, дәрігерге қаралмай, өз бетінше дәрі-дәрмектерді  қабылдаса, 2- 3 кезеңінде бала денесінің қалыптасып, өсіп-дамуында ауытқулар пайда болады. Анасына әсер еткен сыртқы соққылардың (босанған кезде баланы түсіріп алу, туа сала шыр етіп жыламауы, миға оттегі бармай, көгеріп қалса, жол апаты, басқа да оқыс жағдай салдарынан соққы алу) салдарынан баласы ауруға шалдығады», – дейді ол. Сонымен қатар, қоғамда жиі кездесетін тағы бір фактор бар. Атап айтсақ, тұрғылықты мекенжайы жоқ, қалада пәтер жалдап тұратын, медициналық тіркеуі жоқ, қажет болғанда сапасы күмәнді жеке меншік орталықтардың көмегіне жүгінетін, тұрмысы төмен отбасында дүниеге келген балалардың қажетті көмек алуы қиындық тудырады.

Ұлттық діл не дейді?

Бала дамуының қалыпты көрсеткіштері бойынша, алғашқы уілдеу 3-4 айында басталса, 6-8 айында былдырлауы тиіс. Логопед маманның айтуынша, ұл балалардың тілі сәл кештеу шығуы мүмкін. Баланың алғашқы сөзі бір жастан асқан соң шығуы тиіс. Дегенмен, бала сөйлеп кетті деуге әлі ерте. Себебі баланың алғашқы «апа, папа, мама» сөзі ауыздың ашылуы мен еріннің бір-біріне тиюінен көмей жақтан ауа ағымы арқылы шығатын дыбыс «апа» сөзіне ұқсайды.  «Міне, баламен нағыз жұмыс жасайтын кез – осы тұс. Осыдан кейін қане айтшы: «апа, ата» деп үнемі қайталатып айтқызып, өзіне назар аударған соң бала адамдардың ерніне қарап, мимикасына еліктеп, қайталап жүріп, шыныда да үйренгендей болады. Ему процесінде баланың бұлшық еттері жақсы дамиды да, тіл-жақ сүйектерінің бұлшық етіне қарағанда шапшаң қимылдауға дайын тұрады. Тіпті баланың кемсеңдеуі де осыған байланысты», – дейді Гүлнара Қыдырбекқызы. Баланың тілі шықпаса, ата-аналардың көпшілігі «әкесі алты жасында сөйлеген, ештеңе етпейді» деп кертартпа пікірмен назар аудармаса, тым кеш болатынын мамандар ылғи қайталап айтуда. Ата-анаға дұрыс бағыт сілтеп жіберетін дәрігерлер де некен-саяқ. Бұрынғы әжелердің бала тілінің дамуына қосатын үлесі зор болатын. Немересін арқасына салып, қонаққа апаратын. Түрлі дамыту ойындары арқылы тілін шығарып, дене шынықтыратын. «Немересін арқасына отырғызып алып, өзі сияқты немересі бар құрдастарына қонаққа барады. Мұндай жерде сөйлеу ортасы белсенді келеді, ән айтылады, би билейді, жұмбақ, жаңылтпаштар айтылады. Бала соның барлығына еліктеп, қайталамақ болады. Санамақ, қуырмаш ойнап, саусағын бүгіп, ашқызады. Бұл дайын саусақ жаттығуы, бала әрі жаттайды, әрі тілі дамиды, саусағы жұмыс істейді, есте сақтау қабілеті біртіндеп қалыптасады. Өйткені әжелер мұны күніне бірнеше қайталатады», – дейді маман. Сондай-ақ, ертеректе балалар таспен, құммен, сазбен ойнайтын. Мамандардың ойынша, бұл құнды жаттығу, дайын массаж. Қазіргі таңда осы процедуралардың барлығы кабинетте жасалады, яғни генетикалық құм, ағаш ойыншықтар пайдаланылады. Ол кезде аналардың санасында қазіргідей мазасыздық жоқ, тамағы бар, киімі бүтін, тұратын жері бар. Бейқам өмірде маңдайы торсықтай ұл мен бұрымы тоқпақтай қыздар дүниеге келген, олардың тәрбиесінде халықтық педагогиканың орны ерекше. Осы орайда баламен айналысатын аналардың баласына көңіл бөлуі өте маңызды. Логопед маманның айтуынша, аналар тұрмыс жайын, пәтер ақы, қымбат бұйымдар, көлікті ойлап, баласына жеткілікті көңіл бөлмейді. «Кейінгі жылдары елімізде ана мен балаға деген қамқорлық жасалуда. Аналарға баласы бір жасқа толғанша жәрдемақы төленеді. Ал тұрмысы төмен, әке-шешесі мен күйеуі жарты жолда қалдырған жалғызбасты аналардың санасы сан жақта отырғанда, баланың денсаулығы мен дұрыс дамуын екінші орынға итеріп қоятыны айтпаса да түсінікті емес пе?! Бұл да бір ойландыратын мәселе. Демографияға атсалысқан дұрыс, әрине. Бірақ сол бүлдіршін ертең қатарға дені сау боп қосылса, игі», – дейді маман.

Қазақтілді мамандар мүлдем аз

Арнайы балабақшалар  жетіс­пейді деуге негіз бар. Үлкен қала­лар­да бірнеше арнайы балабақша болғанымен, республика аймақтарында, тіпті көптеген облыстарда олардың саны саусақпен санарлық. Олардың таза  қазақ  тілдісі  жоқ, таза орыс тілдісі бар. Онда да кезекке тұру қажет. Қазақтілді мамандардың аздығы осындайда байқалады. Мысалы, кейбір арнайы бақшаларда 1,2,3 топ қана қазақ тілінде, ал басқалары орыс тілінде. Кезек күтіп шаршаған ата-аналар баласы мүлдем сөйлемей қалғанша, орысша болса да, тілі шыға берсін деп, баласын тез орналастыруға тырысады. Орыс топтары сәбилер, екінші сәбилер тобы, ортаңғы жас тобы, ересек жас тобы, мектепке даярлық топтары ретінде толық жұмыс істеп тұрады. Ал қазақ топтары екінші сәбилер мен ортаңғы топты араластырып, ересектер мен мектепалды даярлық топтарын араластырып тастайды. Осындайда қазақтілді ортада өскен, өзінің тілі байланып тұрған бүлдіршін орыс тілді топқа баруға мәжбүр. Орысша тілі шыққан баланың қазақ тілі туралы түсінігі де болмайды, баласы үшін ата-анасы да таза орысша қарым-қатынас жасауға, орысша тілдесуге түбегейлі көшеді. Үй тапсырмасы, жаттаулары, ойындары да орысшаға ауысады. Логопед маманның пікірінше, орысша тілі шыққан балалардың ата-аналарының көпшілігі орысша сөйлеуге бейім,  тіпті құштар. Бұл өз алдына жеке мәселе. Қош, арнайы балабақшаға түсіп, логопедтің көмегімен немесе орыс тілді жеке меншік орталықтардың көмегімен баланың тілін орысша шығарып алдық. «Енді мектепке барар кезде бала қиналмасын деп орыс сыныбына береді немесе ата-анасының ұлттық санасы оянып, қазақ сыныбына апарады. Екі жағдай да қиын. Біріншісінде, бала орысшаға судай, қазақшаға жұрдай болады. Екіншісінде, орысша оқыған бала қазақ сыныбына келіп, аспаннан түскендей болып отырады. Қазақшасын қайта үйренгенше, біраз уақыт жоғалтады, өз ортасынан қалып қояды, үлгерімі нашарлайды. Тәжірибелі мамандар осындайда баланың басқа тілде сөйлейтінін аңғарып, қатарына ілестіріп жібереді. Ал білмейтін мамандар жасына сай танымы төмен, дамуы баяу дегенді сылтауратып, балаға психикалық дамудың тежелуі деп диагноз (ЗПР) қойып жібереді. Оның бала болашағы үшін зияны көп», – дейді логопед. Арнайы балабақшаға баласын беруге тырысып, таныс-тамырларын жағалағандар қаншама. Олар сау баласын арнайы бақшаға беріп, нағыз көмек қажет баланың орнын алып қояды. Өкінішке қарай, мемлекеттік мекемелерде орын санаулы. Сондықтан көпшілік ақылы орталықтар мен маман іздей бастайды. Ондайлардың орыс тілдісі жетіп артылады. Ал қазақ тілінде жұмыс істейтін орталықтар некен-саяқ, жоқтың қасы. «Қазақ тілінде оқытылатын мектепке дейінгі, бастауыш сынып жасындағы балалармен жұмысты ұйымдастыруда тәжірибем мол. Тілі таза шықпаған бала мектепке барғанда дисграфияға, дислексияға ұшырайды. Онымен  қоса аутистік  белгілері  бар балалар, бәріне  қазақ  тілде  оқытатын  маманның  көмегі  қажет. Балаларды оқыту үшін арнайы балабақшаның жанынан тағы да орталық ашу керек. Себебі бір санаулы балабақша мен түзету мектептері барлық баланы қамти алмайды. Кезегін күткен қаншама қаракөз балалар уақытын текке өткізуде. Кейбір балабақшалар арнайы кабинет бөліп, жұмысқа шақырып жатады. Бірақ оларда ешқандай құрал жоқ. Ойыншық, бояулар, массаж құралдары да жоқ. Қаладағы орыс тілді дамыту орталықтары өте көп, жақсы жабдықталған,  талапқа  сай құралдары да жеткілікті. Орыс балалары мен орыс тілділердің сонда баруына еш кедергі жоқ. Ал қазақтың  балалары  қайда  барады? Олар  үшін  кім орталық  ашып   береді? Егер біздің  арнайы бақшамыздың  төңірегінен  арнайы  орталық  ашылса, қазақ балаларына жақсы болар  еді», – деп түсіндірді логопед Гүлнара Қыдырбекқызы. Елімізде Абай атындағы ҚазҰПУ-де арнайы білім беру мамандығы бойынша логопед, түзету педагогтары, сурдолог, мектепке дейінгі сурдолог және басқа да арнайы білім беру мамандықтары бойынша көптеген маман дайындалады. Логопедтің айтуынша, жас мамандар тәжірибеден өтуге келеді, бірақ қазақ тіліндегі жұмыс орындары аз. Қосалқы жұмыс істейтін жеке меншік орталықтар жоқ. Жас мамандар екі тілді қатар алып жүре алмайды. Бір жердегі жұмыстың жалақысы тым төмен. Нәтижесінде мамандығын сүйетіндері қалады, қалғандары жалақысы жоғары қызметтерге кете барады. Бұрынырақ жас маманды үйреткені үшін қосымша ақы қарастырылатын, қазір ондай жоқ. «Логопед-дефектологтың көмегін қолжетімді ету үшін оқу орталықтарының санын көбейту қажет. Қосымша орталықтар ашу керек, сонда ғана қазақ тілді балалар да дер кезінде арнайы көмек алып, дамуы тежелмейді. Ең бастысы, ана тілінде тілі шығып, қазақ тілінің тағы бір жақтаушысына айналмақ», – дейді Гүлнара Қыдырбекқызы.

«Ақылы орталықтар ашып, маман дайындау қажет»

Кейбіреулер логопед маманның немен айналысатынын білмейді, кейбірі ұзынқұлақтан естіп, хабарламадан оқып, әйтеуір, тауып алады.  Мәселен, елімізде балалардың басым бөлігі балабақшамен қамтылған. Бірақ олардың барлығына логопед қызметі қарастырылмаған, қажет болса, ақылы түрде маманға жүгіне алады. Кейбір балалардың тілі таза емес, орыс, қазақ тілдерін шұбарлата сөйлейді, нәтижесінде кейбір әріптерді таза айта алмайды. Оған көңіл бөліп жатқан ана-аналар жоқ. Дәлірек  айтқанда  баласына  оның  тіліне,  танымдылық  дамуының  ілгерілеуі, эмоциялық  дамуының қалыптасуына  назар  аударып, көңіл  бөлу  қажеттігін ескермейді. «Жас ата-аналардың мінезі сын көтермейді. «Балаға көмек керек, сәл жөндеп жіберу керек» деп ескертсең, шамданып «менің балам сау, балам бәрін біледі» деп шыға келеді», – дейді Г.Сағымбаева. Осындайда тәрбиеші қызметін тексерудің қандай деңгейде өткізілетіні баршаға аян. Тексеріс келе жатқанда, алдын ала дайындық жасалып, негізгі кемшіліктер тасада қалып жатады. Тосыннан тексеріс жүргізу бірқатар кемшіліктердің бетін ашар ма еді?.. Мәселен, коррекциялық балабақшаларда логопед мамандар қалай жұмыс жасап жатыр? Логопед, дефектолог балаға шынымен жәрдемдесіп, дұрыс сабақ өте алды ма? Бұның да сапасы тасада қалып қояды. «Ол үшін арнайы штат ашылып, мамандар рейд жүргізуі керек. Әсіресе, жергілікті емханада тіркелген балаларға қандай диагноз қойылған, олар қайда қамтылған, қандай әлеуметтік көмекке қол жеткізді, неврологтың тіркеуіндегі бала қандай ем алып жатыр, қашан қабылдауда болды, қандай мақсатпен келді» деген мәселелер бойынша тексеріс жүргізсе, осы күнге дейін мемлекет тарапынан берілетін медициналық, әлеуметтік көмек алмаған балаларды табар еді. Мысалы, 9 жастағы бала осы күнге дейін ешқайда тіркеуге алынбаған. Ата-анасының жағдайы төмен, тұратын жері уақытша, тіркеуі жоқ. Бала тілінің тежелуі бар, бұл логопед маманның тексеруінен кейін анықталып отыр. Амбулаторлық картасы жоқ, жүйке-жүйе дәрігеріне бара алмайды. Себебі тіркеуде жоқ. Логопедтің сілтеуімен, облыстық ПМПК-ға (психикалық медициналық педагогикалық кеңес беру) барып, содан ары тиісті білім орнына кезекке қамтылды», – дейді логопед.

Кезектің жыры – ұзақ жыр

Кезекті сарыла күту – уақыттан ұтылу. Балаға неғұрлым ерте көмек берілсе, соғұрлым қатарға қосылуы тез болмақ. Ол үшін қалалық тіркеуі болса қалалық ПМПК немесе арнайы емхана, тіркеуі жоқ болса РПМПК-ға жолықса, мамандар балаға тиісті бағдар береді. Сондай-ақ, логопед маманның айтуынша, ата-аналардың сауаттылығы маңызды рөл атқарады. Айталық, учаскелік дәрігерге барғанда, ата-анасы балаға қажетті ем-шараны, түзету мектептерін, арнайы оқу орындарын талап ете білуі тиіс. Негізі, үш жасқа дейінгі балалардың сөйлеуінің тежелуінің нақты себебі жоқ, бұл әлі анықталмаған. Ал егер бала туа  біткен  ауру  немесе  туғаннан  кейін  сыртқы  соққылардың  салдарынан  ауру  болса,  оған  мүгедек, кемтарлық, кемістік, күрделі  кемістіктер  бойынша міндетті түрде логопед маманмен жұмыс істеуі керек. P.S. Елімізде тіл мәселесі әлі де ауыр кезеңдерді бастан өткеріп жатқаны айқын. Қазақ тілінің қолданыс аясының шектеу көретінін жастардың тілінен-ақ байқауға болады.  Ол тұрмақ, қазақ тілді балалардың тілін шығаратын орталықтардың аздығы, қазақ тілді логопед мамандардың тапшылығы бұл түйіннің тарқауына кедергі келтіріп тұр