Белгілі әнші Бауыржан Исаев «КешREC» бағдарлмасында шығармашылығына қатысты жаңалықтарын бөлісті, деп хабарлады turkystan.kz.
Өнер иесі концерттеріне аз адам келген сәттерін еске алып, көп әншілердің қазіргі мәселесін қозғады.
«2015 жылы 9 адамға концерт қойғанмын. Бұл – күлетін жағдай емес. Ол кезде кәсіби сахнада жүргеніме 19 жыл болған. Жалпы өнер адамына зал толмаса, әсіресе 7-8 адам ғана болса өте ауыр. Бірақ соған қарамай 1,5 сағаттық концерт өткіздім.
Ал былтыр Алматы облысына барғанда кешіме 4 адам келген. Онда 1 сағат өткіздік. Одан бөлек 2-3 ауданға барғанда 15-20 адамнан келді. Осы жағдайдан кейін «біздің дәуіріміз өтті ме?» немесе «біздің әндеріміз керек болмай қалған ба?!» деп қатты ойланып қалдым. Бұл – көп әншілердің мәселесі. Кей әншілер аудан орталықтарына, ауылдарға дейін барады және жарнамасын жасайды, билеттерін кассаға қалдырады. Бірақ халық концертке келмейді. Неге екенін түсінбей қойдым.
Тіпті халық әртісі апа-ағаларымыздың да концертіне тыңдармандар келе бермейтінін естіп жатамын . Сосын халық «мына әнші көрінбей кетті. Анау әнші жоқ болып кетті. Қайда жүр екен?!» деп іздеп жатады», - деді ол.
Сонымен қатар әнші өнердегі мансабын аяқтауы мүмкін екенін мәлім етті.
«Кейде 1-2 жылда өнерді қоятын шығармын деген ой келеді. Бірақ биыл кәсіби сахнада жүргеніме 29 жыл болды. Келесі жылы шығармашылығама 30 жыл толуына орай мерекелік концерт өткізу керек. Содан кейін нақты шешім қабылдауым мүмкін», - деді әнші.